20.11.2024

Бір ауыз пікір

Жарастың жалғансыз жыры!..

Осы күндері жақында ғана ердің жасы- елуін атап өткен актер, Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрының директоры Жарас Қалдаров туралы қат-қабат мақалалар жазылып жатыр. Алайда, «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, көңілде ұялаған осы бір ауыз сөзді қағаз бетіне түсірмесем қапы қалатындаймын.

 ...Туған күнінен сәл бұрынырақ театр көрерменіне «Ар. Рух. Муза» атты монодрама ұсынған. Сахнада Абай (Қайрат Мырзаболатов), Махамбет ( Ержан Әубәкіров), Мұқағали (Жарас Қалдаров)! Қоюшы режиссері Қуандық Қасымов. Бұл бір ой-дүниеңді астан-кестен етіп, санаңды сүзгіден өткізген қойылым болған. Қазақтың үш алыбының ақылы, аманаты, қилы кезеңдердегі аласапыран ойлары мен отты сезімдері жан-жүйкемізді тербеп, шиыршық аттырған.

Ал, дәл туған күні Жарас бауыр Бенефис кешін өткізіп,  сол кеште жырымен, мұңы- сырымен, қайғы-қасіретімен  Мұқағалиды жеке алып шықты. Жалындаған жиырма жасында оқуын бітіре сала келіп өнер жолын Ақанмен бастаған, қалықтаған әсем әнімен, көз тартар сәнімен, тепсе темір үзетін тегеурінімен тәнті еткен талант иесі тағы да тәуекел етті! Бұл арада шегініс жасап, оның сомдаған небір сүйкімді де сүбелі рөлдерін баяндап өтуге болар-ды. Өйтпедік. Бірден кірістік... Сонымен...Иә! Елу жасындағы жекпе-жегі! Қалың көрерменінің сүйіктісі Жарас актер Мұқағалидың жан-жүрегін езген қиналыстарын, өкініші мен күйзелістерін, шынайы ойлары мен өткір пікірлерін, ақ нөсердей, қара дауылдай , күн нұрындай көркем жырларын төкті! Оның иландырып, сендіргені сондай, отырған жұрт қайран Мұқағалиды жаңа көргендей, оның өмір-тағдыры, өткелдерімен жаңа танысқандай болды! Қамшы сабындай қысқа ғана мынау жалған дүниеден адам неге адал, әділ болып өтуі керек, өлең шіркінді жаны шырқырап ақын неге, кімге жазады? Өлең деген не өзі? Кімге керек? Кім тыңдайды? Кім ұғады? Фариза?!...Осының бәрін Жарас жеткізді! Мұқалмады. Алмас қылыштай жарқылдады. Қазақтың ұлы ақынының бар сезімін шашау шығармай ұсынды! Ау, ол үшін қаншама қайрат-жігер, қаншама шеберлік керек, құдай-ау!..Қысқасы, жекпе-жегінде жеңіп шықты!

Бұл тіпті, көрерменнің көкірек көзін ашар кереметі өз алдына, ақын біткенге Мұқағалидың өткізген шеберлік сабағындай болды-ау!..

Бұйырғанда, оның осы өнері туралы аталы сөзді, сөздің тоқ етерін театр өнерінің майталманы, өнертанушы ғалым, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры  Еркін Жуасбек ағасы айтты.

-Бүгін Жарас елуге келсе де әлі өзінің бабындағы нағыз шебер актер, сахна саңлағы  екендігін дәлелдеді,- деп бастап, оның шеберлігі мен ерекшелігінің қыры мен сырын ашып берді.

Сөйтіп, Жарас Қалдаров қарапайым көрерменін де, театр мамандарын да тағы бір тәнті етті. Талант иесі өнердің шын қасиетін терең түсінеді. Ол – өнерге деген шыншылдық, адалдық. Сомдаған бейнесіне де, сөйлеген сөзіне де, көз тіккен көрерменіне де - адалдық. Сол адалдық оны биікке шығарды, жеңіске жеткізді!  Таңдандық, тамсандық!  Таңдантып, тамсантқан Жарастың жалғансыз жыры еді! «Жүректен шықса- жүрекке жетеді» деген сөз жәй айтылмаған...