08.10.2026

ШАХМЕТ ҚҰСАЙЫНОВ ТЕАТРЫ ХХХ МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН

ШАХМЕТ ҚҰСАЙЫНОВ ТЕАТРЫ 30-МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШТЫ

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры өзінің мерейтойлық 30-театр маусымын Мар Байжиевтің «Он екінші күн» комедиясымен ашты.
Мерекелік кеш театр фойесіндегі салтанатты шарадан басталды. Музыкалық бэндтің сүйемелдеуімен ән шырқалып, театрдың 30 жылдық тарихынан сыр шертетін өлең жолдары оқылды. Өнер ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтіп, жаңа маусымның ашылуын ерекше сән-салтанатпен атап өтті.
Биылғы театр маусымының ашылуы Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, театрдың ақ жаулықты анасы Жібек Бағысованың туған күнімен орайластырылды. 86 жасын сахна төрінде қарсы алған өнер саңлағы «Он екінші күн» комедиясындағы өнерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, 65 жылдық ғұмырын сахна өнеріне арнаған актрисаның шығармашылық жолы мен өнегелі өмірін ұлықтау мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге өнер иесінің сахналық жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен естелік материалдар қойылды.
Салтанатты шараға руханият өкілдері, Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары Елдос Мұратұлы, Досұлан Ерланұлы, Алтынай Байқадамқызы және Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Мұратұлы арнайы қатысты.
Мерейтойлық маусымның ашылуы марапаттар мен мерейлі сәттерге де толы болды.
Қазақ мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін театрдың жоғары санатты актрисасы, театр педагогы, «Мәдениет саласының үздігі» Маржан Арыстанбекқызы Бөкешова Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Театр актері Асланбек Амангелдіұлы Шайсұлтановқа Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғысы» табысталды.
Театрдың жоғары санатты актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері мәдениет қайраткері Жанар Сатыбалдықызы Құсайынова «Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Мамытұлы Мырзаболатов Қазақстан театр қайраткерлері одағының құттықтау хатын иеленді.
Сондай-ақ Қазақстанның 20 өңірінен 60 ақын қатысқан «Мөлдір өлең» республикалық ұлттық ақындар байқауында Ақмола облысының намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, театрдың көркемдік жетекшісі, ақын-драматург Манарбек Қыдырбайға «Жыр жауһары» номинациясының марапаты көрермендер алдында табысталды.
Театр ұжымы барша марапат иелерін шын жүректен құттықтайды! Бұл марапаттар – маңдай тер мен шығармашылық ізденістің, өнерге деген адалдық пен ел руханиятына сіңірген еңбектің лайықты бағасы. Мәртебелеріңіз биіктеп, абыройларыңыз асқақтай берсін! Шығармашылық табыс, толағай жетістік пен жаңа белестер тілейміз!
Отыз жылдық тарихы бар театр үшін жаңа маусымның ашылуы – кезекті шығармашылық кезеңнің басталуы ғана емес, өнерге адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығының және ұлттық руханиятқа қызмет етудің мерейлі белесі.
Театрдың 30-маусымы құтты болсын! Сахна шырағы сөнбесін, өнер ғұмыры ұзағынан сүйіндірсін.