Жібек БАҒЫСОВА

Қазақстан Республикасының Халық әртісі

Жібек Есекейқызы Бағысова 1940 жылы 8-қазанда көгілдір Көкшенің көрікті баурайындағы Степняк қаласында дүниеге келген. Болашақ артистің балауса ғұмыр балалық шағы атақты Бурабайдың баурайында өтеді. Өмірдің алғашқы баспалдағы жас қызды жаңа биікке жетелеп, сол кезеңде түсірілген  «Ботагөз» фильміне әкеледі. Осы кинодағы Ботагөз бейнесінің бедерлі шығуына өзіндік өрнегін қосқан Жібектің ендігі жолы- өнер  жолы болып өріліп кете берді. Сахнадағы алғашқы еңбек жолын 1959 жылы Талдықорғандағы қазақ театрынан бастаған жас өрен-жауқазын қыз 1960 жылы Қызылордаға көшірілген театр құрамында Сыр өңіріне қоныс теуіп, осы өлкенің сырбаз көрермендері алдында ұзақ жылдар бойы  жемісті еңбек етті. Киелі сахнаның өзіндік биігіне қол артқан жас актрисаға 1967 жылы «ҚазССР-інің еңбек сіңірген артисі», 1980 жылы «Қаз ССР-інің халық артисі» құрметті атақтары беріледі. Өнердегі өз қолтаңбасын қалыптастырып, өзіндік жолдың өрелі асуларын бағындырған танымал өнер тарланы 1995 жылдан бері қарай Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ақ жаулықты, ақ самайлы  анасы болып, абыройлы да ардақты қызмет атқарып келеді.

Қызылорда облыстық қазақ драма театрындағы жылдар Жібек Бағысова үшін өнердегі үйренудің, қалыптасудың  қам-қарекетке толы қанағатты жылдары болды. Осы сахнада ол Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Қарагөз, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік,  Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Ажар, Дулат Исабековтің «Әпкесіндегі» Қамажай, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер- анасындағы» Әлиман мен Толғанай,  У.Шекспирдің «Король Лиріндегі» Регана қатарлы сандаған образдарды сомдап,  өшпес бейнелер қалыптастырды. Осылайша қазақ драматургтерінің айтулы шығармаларымен қатар шетел қаламгерлерінің  даңқты пьесаларында бір-біріне ұқсай бермейтін аналар бейнесін, әйелдер образын, қыз тағдырын бейнеледі. Шығармашылық мүмкіндіктері толық айқындалып, толайым табысқа жетіп, толысқан шағында туған өлкеге, тұғырлы мекенге біржола оралуы өнер майталманының жаңа бір тынысын ашқандай болды. Жаңадан құрылып, шаңырағын енді көтерген жас ұжымның ай маңдай  айбары, ақ таңдай ақылшысы бола жүріп, театрдың  қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Осы жылдардың аясындағы  арда өнердің арналы ағысында аз тер төккен жоқ. Сахна саңлағы сайыпқырандығын танытты. Олар- Баянғали Әлімжановтың «Құдалығындағы» Құдағи, Дулат Исабековтің «Мұрагерлеріндегі» Салиқа, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» Найман-Ана, Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Фармон бибі, Шариф Құсаиновтың «Анамның ақ көйлегіндегі» Ана, Мар Байжиевтің «Тіл табысқандарындағы» Болдуқан, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Таңқа бике, Түнжер Жүженоглудың «Қар көшкініндегі» Бәйбішенің бедерлі бейнелері, орнықты образдары.  Көрермендердің көзайымына айналып, көңіл қуанышы бола білген талантты өнер иесінің тарлан жолы енді басталғандай.  Өнердің өшпес өлшемі болған киелі сахнаны өз үйіндей көрген Жібек апаның осы күнгі өмір жолы, өнер сапары өзінен кейінгілерге өшпес өнеге, өрісті жайлау, өрелі  биік болып жасай бермек!

Шебер актриса, кемеңгер жаңашыл алдағы уақытта да Қазақстанның театр өнеріне өз үлесін қоспақ.

  Бағысова Жибек Есекекызы мәдениетті дамыту және насихаттау жолында келесі атақтарға ие болды:  

   - 1967ж. – «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы;

   - 1980ж. – «Қазақ ССР-нің халық артисі» құрметті атағы;

   - 2001ж. – ҚР Президенті  Н.А.Назарбаевтың Алғыс хаты; 

   - 2010ж. – «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы;

   - 2011ж. – «Парасат» орденінің иегері;

   - 2011ж. – «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі;

  Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігінің, Ақмола облысының әкімінің, Ақмола облысының мәдениет басқармасының,  Қазақстан Республикасының Театр қайраткерлер одағының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.