жаналыктар
-
06.03.2026
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Театрдың 30 жылдық мерейтойы туған күні құтты болсын!
-
05.03.2026
Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды
Ақмола облысы Полиция департаментінің әйелдер қауымына арналды.
-
05.03.2026
Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды
"Көкшетауминсулары"
-
04.03.2026
Халықаралық әйелдер күніне орай
«Алло, мама» драмасы ұсынылды. Авторы – Барзу Абдураззаков Қоюшы режиссері – Тасқын Мажитов
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
ШАХАҢ ТЕАТРЫ ОТЫЗДА
Бүгін — Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры үшін айрықша күн. Театрдың туған күні құтты болсын!
Театр 1996 жылдың 6 наурызында әйгілі режиссер Жақып Омаров сахналаған Ақан сері – Ақтоқты қойылымымен шымылдығын түрді. Шығарма авторы – қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов.
Театрдың іргесін бекітіп, өнерлі жастарды бір арнаға тоғыстырып, ұжымды ұйыстырған алғашқы жетекші — Мұратбек Оспанов. Сол кездегі жалынды жас актерлермен бірге ол театрдың негізін қалыптастырып, өнер ордасын талай белеске бастады.
Ал бұл ұжымды бүгінгі таңда театрдың негізін қалаушылардың бірі, театр дәне және кино актері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров басқарып отыр.
Осы отыз жыл ішінде театр халықаралық және республикалық театр фестивальдерінде топ жарып, көрерменге сапалы қойылымдар ұсынып келе жатқан беделді өнер ұжымына айналды. Үш онжылдықта атқарылған жұмыстарға уақыттың өзі үнсіз куә. Сахнаға тамған тер мен жүректен сорғалаған шер – бәрі де шымылдық сыртында қалған үлкен өнердің шындығы.
Бүгінде театрдың негізін қалаған буыннан Жібек Бағысова – Қазақстанның халық әртісі, Мұратбек Оспанов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қайрат Мырзаболатов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жанар Құсайынова – Қазақстанның мәдениет қайраткері, Төлеубек Көңбай – Қазақстанның мәдениет қайраткері сынды сахна саңлақтары бар шығармашылық құрам еңбек етуде.
Театр негізін қалаушылардың ізін жалғап, бүгінгі күні орта буын мен жас толқын да өнердің жүгін абыроймен көтеріп келеді. Олардың қатарында Қазақстанның мәдениет қайраткері Маржан Букешова, сондай-ақ мәдениет саласының үздіктері Медет Хамзин, Самат Шаймерденов, Ержан Әубәкіров, Ғалия Қорабаева, Мақпал Сүлейменова сынды талантты өнерпаздар бар. Олар аға буын салған сара жолды жалғап, театр өнерінің көкжиегін кеңейтіп келеді.
Театр – синтездік өнер. Сондықтан ұжымда еңбек еткен әрбір жанның маңдай тері мен адал еңбегі осы өнер ордасының қалыптасып, дамуына қосылған қымбат үлес деп білеміз. Сахна төрінде жарқыраған әр қойылымның артында тұтас ұжымның бірлігі, таланты мен тынымсыз еңбегі жатыр.
Театрдың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұжымға қоюшы режиссер болып Қазақстанның мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов келуі — шығармашылық құрамға жаңа серпін беріп, тың ізденістер мен жаңа белестерге бастайды деген сенімдеміз.
Осы мерейлі күні театр ұжымын және көзі қарақты көрермен қауымды шын жүректен құттықтаймыз!
Театрдың 30 жылдық мерейтойын ұжым мамыр айында, күн жылынып, жер аяғы кеңіген шақта кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.
Манарбек Қыдырбай
Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, театрдың көркемдік жетекшісі