Көкшетаудың самал желімен үндесіп, жүрек сырына бойлатып, руханият тынысын ашатын бір қасиетті орда бар. Ол – Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры.
Бұл қасиетті шаңырақ тек өнер ордасы емес, ұлт жанының айнасы, жүректегі сөздің, елдік рухтың мәңгілік мекені.
Сахна – сыр сандық. Ал, сол сандықтың кілтін тапқан әр актер – халықтың жүрегіне жол салушы. Көкшетаудағы қазақ театрының сахнасында талай тағдырлар тоғысып, талай ғұмырлар қайта тірілгендей әсер қалдырады. «Абай», «Қарагөз», «Анамның ақ орамалы», «Томирис», «Жан тәсілім» секілді қойылымдар көрерменге рух беріп, санасын серпілтті. Әр спектакль – өмірдің өзінен алынған сабақ, ал, театр – сол өмірдің көркем шежірешісі.
Театрдың әр қойылымы – режиссер мен актердің жүрегінен төгілген сыр. Мәселен, соңғы маусымдағы тарихи-драмалық бағыттағы туындылар көрерменді терең ойға жетеледі. Ұлт рухының, қазақ әйелінің еркелігі мен нәзіктігін, ер азаматтың ар-ождан күресін сахна арқылы көрсету үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл тұрғыда аталмыш театр ұжымы замана талабына сай жаңа көркемдік биіктерге көтеріліп келеді.
Жас та болса, театр мектебінен өткен, сахна мұратына адал актерлер ойыны ерекше әсер қалдырады. Бір сәт көрермен залында тыныштық орнайды, себебі әр көрініс, әр сөз, әр қимыл адам жанына жол тартады. Театрдың басты күші де осы — көрерменді өзіне қарату.
Қазіргі заманда көрерменнің талғамы да биік. Экран мен ғаламтор дәуірінде тірі сөздің, тірі сезімнің қадірі кейде ұмыт қала жаздайды. Ал, театрға келген әр көрермен өзімен бірге ой алып кетеді. Бірі өткенін еске түсірсе, бірі болашағы туралы толғанады. Өнердің құдіреті де осында. Ол адамды өзін тануға, өзгеге жанашыр болуға, рухани тазарып, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға шақырады.
Шахмет Құсайынов атындағы театр ұжымы — сахнаны қасиет тұтқан, өнерді өмірімнің мәні деп қабылдаған ұжым. Олардың әр маусымы – жаңа ізденіс, жаңа идея. Қойылымдарындағы ұлттық болмыс, заман сарыны мен сілкінісі, адам мен қоғам арасындағы мәңгілік тақырыптар театрдың көркемдік келбетін айқындай түседі.
Бүгінгі руханияттың жаңғыру дәуірінде театрдың рөлі айрықша. Ол – ұлттың өзегін талдырмайтын, әрі жалғайтын рухани тамыр. Ал, көрермен – сол сахнада өтіп жатқан өмір күресінің ең басты куәгер.
Көкшетаудың көркем сахнасы мен көрермені арасындағы бұл жүздесу мен сырласу әлі талай жылдар бойы жалғаса бермек, ғасырларға бармақ. Өйткені, руханияттың сәулесі ешқашан сөнбейді, сахнаның жарығы өшпейді, жаңа өнерлі буынмен ілгері баса береді.
Нұрсәуле МҰРАТ.
