жаналыктар
-
02.06.2025
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні
Қайырымдылық акция
-
29.05.2025
XXVIII театр маусымының жабылуы
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
-
26.05.2025
"ӨТЕЛМЕГЕН ПАРЫЗ" премьерасы БАҚ назарында!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
-
22.05.2025
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Актриса Әсем Шайсұлтанова облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.




21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні!

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні
Бүгінгі мерекемен барша өнер қайраткерлерін құттықтай отырып, газеттің мерекелік нөмірінде жарық көрген мақаламның толық нұсқасын ұсынамын.
Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде 2013 жылдан бастап аталып өтіп келеді. Бұл мереке өнерді жанына серік етіп, осы салада жан аямай еңбек етіп келе жатқан әрбір жан үшін ерекше күн. Осыған орай, газет тілшісінің төмендегі сұхбат мақаласы да Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында бірге қол ұстасып, өнер жолында бірге қатар келе жатқан ерлі-зайыпты Асланбек және Әсем Шайсұлтановтар туралы өрбиді.
Қоғам да, ондағы кез-келген сала да, мәдениетпен астасып, сабақтасып жататыны рас. Мәдениет адамзаттың рухани-эстетикалық өрістеуіне ғасырлар бойы үздіксіз қызмет етіп келеді. Ал, сол өнерді жасайтын әрине, өнерпаздар екендігіне дау жоқ. Ол қағаздан немесе темірден жасалына салатын қол еңбегі емес. Табиғи дарынмен қоса, түпсіз білімді, қажырлы еңбекті талап ететін мамандық иелері қашан да құрметке лайық. Журналистердің еңбегінің еш өлшемі жоқ екенін ескерген қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза:«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген екен. Біз осы тұста Шерағаңның бұл сөзін барша өнер иелеріне, соның ішінде әсіресе, көрерменге ой салып, оның санасына сілкініс жасауға барын салып жүрген осы театр қайраткерлеріне қарата айтсақ, еш өкінбеспіз...
«Театр – көздің жасындай мөлдір нағыз хас сұлу өнер» дейді суреткер жазушы, драматург Ғабит Мүсірепов. Ал, дана халқымыз «ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» деп тауып айтады. Сол сан түрлі өнердің ішінде театр өнері мен оның киелі сахнасының орны бір төбе екендігі даусыз. Шахаң театры небір талантты да, талапты актерлерді тоғыстырған киелі өнер ордасы. Соңғы онжылдықта өнер ошағына еліміздің ірі қалаларынан кәсіби білім алып, қызмет етуге талпынған жастар шоғыры көптеп келе бастады. Солардың ішінде «туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөзді берік ұстанған, бойындағы өнерін Елорадамызға барып шыңдап, қайта оралған бүгінде өнер айдынында қатар жүзген қос аққудай болып, бірге шаттықты шаңырақ құрған Аслан Шайсұлтанов пен Әсем Шайшұлтанованың есімін Көкшетау жұрты жақсы біле бастады. Олар бүгінде теңіз түбінен маржан сүзген кәсіби өнер иелеріне айналып келеді. Көкшетау театры сахнасындағы қажырлы еңбектері арқылы әр халықтың дүниетанымын, салт-санасын, тағылымды тарихын, ішкі мәдениеті мен өнердің бар болмысын бедерлеп жүрген олар барша адами құндылықтарды алға сүйреп келе жатқан саңлақтар.
Асланбек Амангелдіұлы 1992 жылы Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында дүниеге келген. Орта мектепті Щучинск қаласында бітіріп, 2010-2014 жылдары Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде драма театрның әртісі мамандығын Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Лейло Бекназардың жетекшілігімен тәмамдаған. Асланбектің кәсіби актер ретінде жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2017 жылы «Жылдың үздік актері» атанса, 2023 жылы Түркістан қаласында өткен «Raimbek Fest» республикалық театр фестивалінде Шекспирдің «Оттелло» трагедиясындағы Яго рөлі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алған. 2021 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Мәдениет министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жақында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының қоржыны белгілі жазушы Төлен Әбдіктің «Ер Сейіт пен қыз Бәтес» повесінің желісі бойынша қойылған «Өтелмеген парыз» драмасымен толықты. Спектакльдің премерасын көкшелік көрермен ыстық ықыласпен қабылдап, өнер иелерінің ұжымдық еңбегі мен айшықты қолтаңбасынан туған қойылымнан ерекше әсер алып, толқынысты күй кешті. Осы қойылымдағы Қожабек қарияның қапияда қайтыс болған ұлы Болаттың досы Асылбектің рөлін Асланбек сомдайды. Жалғыз перзентінен айырылып, зар еңіреп, шарасыз күйге түскен Қожабекті қалада күтіп алып, қарияның қайғысын сәл де болса жеңілдетуге тырысқан да осы Асылбектің бейнесі еді.
Асылбек шын мәнісінде Болаттың адал досы ретінде «баламның артында тұяқ қалыпты» дегенді естіп келген қарияға бар ықыласымен қол ұшын созбақ болады. Алайда, адам баласының өмірін астаң-кестең ететін сұм тағдыр сенің қалауыңды оп-оңай бере қоя ма?! Дәл осы тұстан оқиға қоюлана түсіп, ары қарай сахна төріндегі актерлердің тартысты ойынына ұласып кете барады. Шынтуайтында, осы қойылымға қатысқан барша актерлер қауымы өздеріне жүктелген мақсат пен мұратты өз деңгейінде алып шықты. Соның ішіндегі Асылбек бейнесін жасаған Асланбектің рөл ойнаудағы кәсіби шеберлігін, ізденісін, қажырлы еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Керісінше, өте сәтті сомдалған рөл деп баға берер едік. Осы қойылымда Асланбектің өмірде де, өнерде де қол ұстасқан серігі Әсем Шайсұлтанова Валяның рөлін сомдайды. Болаттың баласын сақтай алмай, түсік жасатып, алдырып тастаған Валя қаладағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істейді. Алыстан арып-ашып жеткен қария мен мен жігітінің досы Асылбектің сөзін жүре тыңдап, айтқан сөзін місе тұтпаған Валяның да тағдыры аянышты еді... Асылбек пен Валя арасындағы тартыс ешқандай диалогқа да сыймайтын, ешбір сөзбен де өлшенбейтін шегі жоқ дүние. Осы тұста режиссер тапқырлық танытып, ұтымды шешім қабылдаған. Әрине, бұл тартысты пластика арқылы беру әлдеқайда тиімді еді. Мұны ерлі-зайыпты актерлер асқан шеберлікпен би арқылы орындап шықты. Биді қойған балетмейстер Ғазиза Әлімбаева. Соның арқасында спектакльге зор қуат бітіп, би мен музыка арқылы көрермен мен сахна арасында алапат сілкініс туады.
«Сахнадан адамды емес, актерді көрсең жалығасың» дейді орыстың Ключевский атты жазушысы. Актер өз рөлін сомдап қана қоймай, сол кейіпкердің шынайы болмысын жеткізе білуі де тиіс. Біз өз кезегімізде Асланбек Шайсұлтановты әңгімеге тартқанымызда, ол да рөл сомдауда әрдайым шынайылықты мақсат ете отырып, өз кейіпкерінің табиғи болмысына басымдық беру қажеттігін айтады.
–Кейіпкерді сомдау арқылы оның шынайы бейнесін көрерменге жеткізу үшін алдымен қандай ой-толғаныста боласыз?
– Әр спектакльдегі әрбір кейіпкер түрлі тағдырлардың иесі. Соған сәйкес олардың мінез-құлықтары да, жалпы болмыстары да әртүрлі болады. Сонымен қатар, олардың сөйлеу мәнерін де, интонациясын да, сыртқы бет-пішіні мен түр-тұлғасын да нанымды, орнықты етіп көрсетуге тиіссің. Әрине, ол үшін ізденесің, әрбір кейіпкеріңді зерттейсің. Содан соң барып, оның барлығын өзіңнің актерлік шеберлігің һәм техникаңмен ұштастырып, өзіңнің кейіпкеріңе жан бітіресің. Егер мен сахнада өзімді ойнасам ол алдымен, өзімді жалықтырады, содан соң көрерменді жалықтырамын. Мұндай сәтсіздікке ұшырамас үшін, біз әрине, әрбір рөлімізге барымызды да, жанымызды да саламыз.
– «Өтелмеген парыз» спектаклі көкшелік көрерменнің көптен күткен қуанышына айналып үлгерді. Бұл қойылым жұртшылыққа не берді деп ойлайсыз?
–Әр қойылым көрерменге өзінше ой салады. Ал, «Өтелмеген парыз» қойылымында қарапайым адами құндылықтар сөз болады. Алдымен, әр ата-ананың перзентінің алдындағы парызы, баланың ата-ана алдындағы жауапкершілігі, қыз баланың тағдыры, оның өмірін аяқ асты етіп, арын таптамау сияқты толып жатқан мәселелер көтеріледі. Сен қанша жерден шет елде оқып, білімнің түбіне түс, бай бол немесе кедей бол, бәрібір адам ретіндегі өз борышыңа адал болуға тиіссің. Жәй ғана қарапайым адам ретінде адамгершілік қағидаттарын берік ұстануға міндеттісің. Осы тұрғыда бұл қойылым көрерменге аракідік ой салды деп ойлаймын.
Асланбектің жары, яғни, өмірлік серігі Әсем Шайсұлтанова 1995 жылы бұрынғы Көкшетау облысының қазіргі Чкалов, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Амандық ауылында туған. Орта мектепті Көкшетау қаласында бітіріп, 2013-2016 жылдары Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде драма театр әртісі мамандығы бойынша білім алған. Өзінің актерлік білімін, ұлағатты ұстаз Айжан Оспанованың шеберханасында жетілдірген. 2016 жылдан бастап Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы қызметіне кірісіп, еңбек етіп келеді.
–Ауыр спектакльдерге дайындық барысындағы шаршау мен әлсіздікті қалай өткересіз? Өнер адамына халықтың қозғаушы күші, санасына сенім мен үміт ұялатушы ретінде салмақ түсетіні рас. Кейде сахнадағы өнерпазға көпшіліктің көзі де өтіп кетуі мүмкін. Әлде керісінше, бұл жайлар сізге күш-қуат беріп, шабыт сыйлай ма?
–Иә, дұрыс айтасыз. Әрбір қойылымға дайындық барысы психологиялық, морольдық, физикалық күшке түседі. Бұл дайындықтар бір ай немесе одан да көп уақытқа созылады. Әрине, шаршайсың, шалдығасың, қажисың. Ондай кезде мен көбінесе, өзіммен өзім қалып, ой қорытып, тынығып алғанды ұнатамын. Сөйте жүріп, қайтадан тез жинақталуға тырысамыз. Расында актер сахнада жалғыз, ал, көрермен көп. Көптеген көздер сенің сахнадағы бейнеңе қадалады. Сенің әрбір қимылың, тіпті кірпік қағысыңа дейін бақылауда болады. Ол көпшіліктің энергиясы, сен сол энергияны, сезімді өткеруге тиіссің. Әрбір ізденіс пен еңбектен туған ауыр рөлден кейін бізді құтқаратын әрине, ол көрерменнің ыстық ықыласы мен махаббаты. Біз осыны сезген кезде сол бастапқы барлық ауыртпалықты да, шаршауды да тез ұмытып кетеміз. Қазір заман қарыштап даму үстінде ғой. Соның нәтижесінде көрермен тіпті, әлеуметтік желі арқылы тауып алып, бір ауыз жылы сөзін жазып, қолпаштап жатады. Ондай кездер бізге үнемі бақыт сыйлайды. Көрерменнің «рөліңізді керемет сомдап шықтыңыз!» деген бір ауыз сөзі бізге расында да, қанат бітіреді. Біздің мамандығымыздың сыйқырлы да, ғажайып тұсы көрерменнің бізге, актерлерге деген мейірімі мен шынайы ықыласы. Мұны кез-келген актер басынан өткереді деп ойлаймын.
–Өнер мен сахна сізге не берді?
–Бұл сұрағыңызға бірден тікелей жауап берейін. Өнер алдымен мені өмірлік серігіммен жолықтырды. Театрымыздың белді актері Асланбек екеуміз өздеріңіз білетіндей, жарық ғұмырдың бізге берілген барлық бақытын бірге кешіп келеміз. Өнер жолында әлі талай биіктерді бағындырамыз деп ойлаймын. Одан соң, сахна маған қайғыны да, қуанышты да бірге бөлісетін адал достарды сыйлады. Түрлі эмоцияларға толы естеліктер... Ғажайып ұмытылмас сәттер... Мұның барлығымен мен әу баста өзім таңдап алған мамандығым, өнерім арқылы табыстым. Ұстазым Айжан Оспанова үнемі айтатын: «Алдымен актер емес, адам болыңдар» деп. Өмірге адам болып келген соң, адам болып ғұмыр кешу парызымыз. Ал, сахна үстіндегі кейбір кейіпкерлердің ауыр тағдырлары мен қиын да, күрделі, азапты сәттері ешбір жанның шынайы өмірінде болмаса екен деп тілеймін.
P.S.Бүгінде Асланбек пен Әсем Шайсұлтановтар киелі театр ордасында жұптарын жазбай, шығармашылық пен отбасылық байланысты тең ұстап, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Олар мәдениет пен руханияттың дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдарды бағындырып келеді. Қазақтың біртуар перзенті, кинорежисурра майталманы Шәкен Аймановша айтсақ, театр адамның өзін өзі сахнадан көріп, өзін-өзі танитын орыны. Олай болса, олар әр рөлі үшін көрерменді ойландыра отырып, көптеген жанның санасына сәуле түсіріп жүр. Сол арқылы қоғамға қозғау салып, осынау ортаны тәрбиелеуге және оны қалыптастыруға үлес қосуда. Мәртебелі өнер иелерін, сонымен бірге, бүкіл театр ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, өнер жолында қаққан қанаттарыңыз талмасын деп тілейміз!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.