жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
24.02.2024

КӨКШЕТАУДА ТӨЛЕУБЕК КӨҢБАЙҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

   Шахмет  Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, театр және кино актері, сахна саңлағы Төлеубек Көңбайұлы ердің жасы елуге толды. Театр мен кинода сан түрлі образдар галереясын жасап өнерімен өрістеген  актердің мерейлі мерекесіне орай, Шахмет Құсайынов театрында шығармашылық апталығы ұйымдастырылды. 

   18 ақпан күні "ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІРІМ" атты бенефис шоу концерті  (қоюшы режиссері Медет Хамзмн), 21 ақпан күні "Тартюф" комедиясы, (авторы Жан Батист Мольер, қоюшы режиссері Барзу Абдураззаков) көрермен назарына ұсынылды. Шығармашылық апталықтың соңғы күні 24 ақпан Төлеубек Көңбайұлының жеке меншік мерекесі қарсаңында арнайы сахналанған Мырза Ғапаров пен Ғалия Ғапарованың қаламынан туған "Киотоға жол" қойылымының алғашқы премьерасы сәтті ойналып, көрерменге жол тартты. Қоюшы режиссері Баатырбек Шамбетов, қоюшы суретшісі Садыр Ниязакунов, балетмейстер Ғазиза Алимбаева. Қойылымда басты рөлдерді ойнаған Төлеубек Көңбайұлы мен талантты актриса Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, театр майталманы Маржан Букешова сахнада сан құбылып, актерлық өнердің озық үлгісін көрсетті. Қосымша кейіпкерлер дарынды жас артистер Асланбек Шайсұлтанов пен Әсем Шайсұлтанова  әсерлі ойындары мен әдемі пластикалары арқылы қойылымның сәнін кіргізді.

Өзгеше бір формадағы, ерекше қойылым  үш бөлімнен тұрады. «Зулайқаның сатысы» деп аталатын алғашқы бөлімде  аңшылықты ата кәсіп етіп дәніккен Қожажас,  шектен шыққаны соншалық, айналадағы  аң біткенді қырып-жойып жібереді. Соңғы көздегені,  зарлы күй кешкен дәрменсіз Сұр ешкі еді. Бірақ, сол бір ешкіден айласын асыра алмайды...
Жазықсыз жапа шеккен аңның киесі мен табиғат ананың қаһарына ұшыраған аңшы, кенет жалама жартасқа құлап тығырыққа тіреледі. Оны күллі ауылдың өзі құтқара алмай сарсаңға түседі.  Қожажастың қолынан мерт болған түрлі аңның қураған сүйектерінен саты жасап, көмек қолын созған әйелі  Зұлайқа да құдайдың қахарына ұшыраған Сизифтің күйін кешеді...
«Антракт» деп аталатын екінші бөлімде ешқашан орындалмас  қиялмен ғана  өмір сүріп, шынайы өмірді ұмытып иллюзиямен ғана өмір сүруге бейімделген сормаңдай пенделер жайлы сыр шертсе, «Шөлдегі кеме» деп аталатын үшінші  бөлімде тартылып кеткен Арал теңізі мен   шөл даладағы кемені мекен еткен бейбақ тағдырлар жайлы баян етіледі. Адам жанының экологиясының бұзылуы жайлы десек қателеспейміз.

Өнер адамына берілетін ең үлкен баға саналы көрерменнің риясыз соғылған шапалағы екені даусыз.
Абсурд жанрындағы жаңа қойылымды жан тәнімен беріліп ойнаған артистер көрерменге терең ой тастап рухани нәр беріп, адамзатқа ортақ тақырыптарды тереңінен толғап зор қошеметке бөленді. 

Іш-шара аясында Төлеубек Көңбайұлының өнері мен өмірінен сыр шертетін деректі фильм көрсетіліп, "Суреттер" атты фото журналдың тұсауы кесілді.  Аталған еңбектің тұсауын театр басшысы, театр және кино актері Жарас Шотбекұлы, Халық артисі Жібек Бағысова, Қазақстан Жазушылар Одағының Ақмола облыстық филилалының басшысы,  ақын  - жазушы Ерболат Баятұлы және мерейтой иесінің асқар тау әкесі Көңбай ақсақал кесіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.  Шара соңында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының  мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ақмола облысы әкімі Марат Мұратұлының құттықтау хаттарын табыстады. Сондай  - ақ арнайы келген құрметті қонақтар Сәбит Мұқанов атындағы сазды драма театрының басшысы Біржан Жалғасбаев, Қалибек Қуанышбае атындағы ұлттық драма театрының  көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстақбаев, Ілияс Омаров атындағы  драма театырынан келген  өкіл «Мәдениет саласының үздігі» Бақытжан Таңатқанұлы сынды әріптестері ақ тілегін білдіріп Төлеубек Көңбайұлына сый  - сияпаттарын ұсынды. 

Төлеубек Көңбайұлы Шахмет Құсайынов театры ашылғалы бері  театрмен бірге жасап, бір- біріне ұқсамайтын түрлі жанрдағы жүзден астам кесек бейнелер жасап ғана қоймай кино саласында да табанды еңбек етіп жүр. Төлеубек Көңбайұлы қоғам қайраткері,  қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тұлға Жұмабек Бейнесін театр мен кинода қатар тірілткер актер ретінде көрерменге жақсы таныс. Жан-жақты өнер иесі режиссерлық қырымен танылып, театр сахнасында жақсы қойылымдар қойып көзіқарақты көрерменді қуантып жүр.  Өнері мен өмірін егіз деп санайтын саңлақ сахнагерге шығармашылық табыс,  зор денсаулық тілейміз.