жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
17.10.2022

XXVI ТЕАТР МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

        Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры XXVI театр маусымын 12 қазан күні "ӨМІР ДЕГЕН ОСЫ МА?.."  драмасының премьерасымен ашты.  Жүректі шымырлатып жанарға жас үйретін драманың авторы Америкалық драматург Вина Дельмар.  Сюжеті мығым, сүйкімі бөлек қойылымның қоюшы режиссері өнердегі дара жолымен танымал театр және кино актеры, режиссер Сафуан Рысбайұлы.

Қойылым Купер әулетінің киелі қара шаңырақта арқа  - жарқа бас қосуынан басталады.  Балалардың бәрі көңілді. Бал дәурен шақтары өткен ыстық ұяларына бас сұққанына мәз. Әкелері Барклей (арт. Қайрат Мырзаболатов)  тұңғиық  ой құшағында отыр.  Анасы Люси (арт. Жанар Құсайынова) бар дәмдісін балаларының алдына төсеп бәйек боп жүр. Қызу әңгіме ортасында қарт әке балаларына  үйлерін Банк алып қойғандығын,  екі күннен кейін баспанасыз қалатындығын жеткізіп көмек сұрайды.  Көтеріңкі көңіл күйде отырған ұл - қыздары тығырыққа тірелгендей аласапыран күй кешеді.  Балалары әр түрлі сылтау айтып  ата-анасымен бірге тұралмайтындықтарын жеткізеді. Қырық жыл бір шаңырақ астында ұл мен қыз өсіріп бақытты ғұмыр кешкен қос қария ешкімге керексіз мүсәпір күйге түседі.  Балаларының арасында ата  - анамызды  "сен ал, мен ал, " деген түрлі тартыс пен дау - дамай туындайды.  Бәрінен ауқатты тұратын қызы  Неллиға (арт. Гүлнұр Қожанова) басқалары ата  - анамызды қолыңа ал деп қолқа салады. Ол ат тонын ала қашып үлкен баспана алғанша күте тұруларын сұрайды. Ақыры, адамдықтан ада қоғамда туған балаларына да керексіз боп қалған әкені қызы Кора амалсыздан қолына алса анасын үлкен ұлы Джорж үйіне алып кетеді.  Осылайша тағдыр тәлкегімен жолдары қақ айырылған қос қарт қимастықпен арасы шалғай  екі қалаға кетеді.  Ай мен күннің аманында тірідей айырылысып балаларына масыл болған әке мен ананың шерлі күндері басталады.  Екі қарттың арасында сары уайыммен сарсаңға салған сағыныш басталады.  Балаларының салқын көзқарастарынан өздерінің масыл екендерін сезінген олардың еңсесі түсіп, сырқаттарына сырқат жамай бастайды.  Адамзатқа ортақ құндылықтарды арқау еткен қойылым жүрегіңді шымырлатып, денеңді тітіркендіріп жанарыңа жас үйіреді. Ұл мен қызынан қайыр болмаған соң қос қария ең ақырында қарттар үйін пана тұтады.  Іштей егіліп отырасың. Қазақта қарттар үйі деген ұғым болмаған шақта әке асқар тау,  ана қайнар бұлақ есебінде қашанда биік тұратын еді.  Батыстың быламығымен былғанған  қазақ қоғамында да қарттар үйінің қатары көбейгені өкінішті.  Жатырынан жерініп жат жұртқа еліктеуші қазақ жастарының бойындағы ерсі әрекетке тоқтау болмаса ұлт боп ұйысып қалуымыз неғайбыл.  Қазақта қара шаңырақ киелі ұғым.  Жазылмаған дала заңына сүйенсек қара шаңыраққа тек кенже ұл жауапты.  Оның міндеті мосқал тартып кәртайған ата  - анасымен бірге тұрып оларға таршылық көрсетпеу.  Үлкендерден имену.  Бұның бәрі қапас заманның түнегінде қалып бар жатқаны ішіңді ашытады.  Ұлттық тамырдан ажырап қалған дүдамалды ұрпақ өсіп келеді.  Солардың санасын сілку мақсатында дүниеге келген қойылым өз дегеніне жетіп біреуге ой салса театр өнерінің жемісі мен жеңісі болмақ. 
     Сафуан Рысбайұлы  режиссер ретінде өзіндік ізденістерге барып сәтті шешімдер де таба білген.  Ол тұтас қойылымды қоғам деп алған.  Спектакльден бүгінгі қоғамның бет бедерін аңдайсыз.
Қаусаған қарт әке Барклей (арт. Қайрат Мырзаболатов )пен  қарт Ана Люсидің сахнадағы тандемі,  терең ізденістері таңдандырмай қоймайды. 
      Ерекше ізденістермен әдіптелген жақсы адамның ізгіліктерін тұла бойға сіңірген бейнелердің бірі газет журнал сатушы Барклейдің жан сырласына айналған жанашыры ретінде көрінетін еврей шал Лебитскийдің ойыны көрермен жүрегін жаулады. Медет Хамзин өз рөлінің ішкі  - сыртқы ерекшеліктеріне терең үңіліп зерделегені байқалады.  Лебвицкийдің әйелі Мисс Левицкаяның ( арт. Маржан Букешова)    сахнадағы сәті аса ұзақ болмаса да көрерменді бірден баурап алды.  Бұл, актриса Маржан Букешованың бәсі биік талант екенін дәлелдейді. Сондай-ақ енесін қолына уақыша тұрғызса да  ала көзімен атып мейірімсіздік танытқан Анита  ( арт. Мақпал Сүлейменова) мен әйелінің дегенінен шыға алмай қалған үлкен ұл Джордж (арт. Еркебұлан Төлеуовтың сахна төріндегі ойын өрнектері өзгеше сарында өрбіп өзіне баурады.  Өзге де артистер бар ықыласымен қойылымның өн бойына қан жүгіртіп оқиғаның ширығуына,  нанымды өрбуіне ат салысты.  Қойылымдағы әуендер де сәтті таңдалған.  1 сағат 40 минут жүретін қойылымның қалай өтіп кеткенін аңдамай қаласың.  Бала мен ата  - ана арасының алшақтауы қатыгез қоғамның дауасыз ауыруына айналуда. Кішкентайынан бағып қаққан ата  - ана не себебті баласына да, тіпті қоғамға да аса қажет болмай қалуда?  Бұл дерт қазақтың қанында жоқ еді... Ал өкінішке орай бүгін бар.  Өмірдің өзінен алынған қойылымды тамашалап отырып Өмір деген ма деп сан сұрақтың астында қаласың. Театрға келіңіз қымбатты көрермен!


Манарбек Қыдырбай