жаналыктар
-
20.12.2024
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Әбділ "Ұлы дала" шығармашылық байқауында балалар әдебиеті бағыты бойынша жеңіс тұғырынан көрінді
-
17.12.2024
"Қызық екен"
Жаңа жылдық концерттік бағдарлама
-
09.12.2024
"Бремен музыканттары" жаңа жылдық ертегі
ПРЕМЬЕРА! ПРЕМЬЕРА! ПРЕМЬЕРА!
-
06.12.2024
Әзірбайжан Республикасының Шеки мемлекеттік драматеатрының145 жылдығына арналған халықаралақ IV Шеки театр фестивалі
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
САФ ӨНЕРДІҢ САФУАНЫ
Ақ жал толқындары аласұрған өнер айдынында өзіндік өрнегің мен таудай талабың болмаса тасада қалуың бек мүмкін... Ал, бойыңа біткен өнер бүршігін бағыбандай баптасаң мәуелі бәйтеректей тамырың кеңге жайылып жайқаларың сөзсіз. Бойындағы өнер ұшқынын дара болмысымен дамытып, ақ жүрегінде әлдилеп жүріп, көрерменнің ақ махаббаты мен хош иісті қошеметіне бөленіп келе жатқан сан қырлы өнер иелерінің бірі елімізге кеңінен танымал театр және кино актеры, режиссер, сценарийст, Республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Сафуан Шаймерденов десек қателеспейміз.. Ешкімге ұқсамайтын бітімімен биіктеп жайдарлы жан әлемінен шуақ шашып үздіксіз ізденісте жүретін саф өнердің Сафуаны 1974 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Ақтам ауылында дүниеге келген. Өнерге құштар жас өрен 1991 -1995 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтында әнші –актер мамандығы бойынша ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор Рахилям Әбдірахманқызы Машурованың шеберханасынан тәлім алды. Оқу бітіре салысымен шын жүйріктей шиыршық атқан шығармашыл жас өзге курстастарымен бірге, сал-серілердің мекені болған киелі ұйық Көкшетау топырағындағы тұңғыш қазақ театрының ірге тасын қаласып, шаңырағын көтерісуге келді. 1996 жылы жас театрды құруға Мұратбек Үкібайұлының жетекшілігімен келген өнерлі жастардың алғашқы легінде Сафуанмен қатар Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Жарас Қалдаров, Ербай Дүнгененов, Айна Жүнісова, Отарәлі Көлжанов, Төлеубек Көңбай, Зафура Арзымбетовалар болды. Аталған есімдердің Шахмет Құсайынов театр тарихында алар орны ерек. Олардың барлығы дерлік тәй-тәйлаған бала театрдың өзегіне қан жүгіртіп, өн бойына өң беріп өзгеше сипатта өнер жасағандар санатында.
Жас труппаның бел ортасында жүріп мол тәжірибе жинап өзіндік сара жолын қалыптастырып, сана көкжиегінен сан түрлі бейнелерді түлетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Сафуанның есімі Көкшетау үшін құрметті һәм бағалы. Ол 1995 – 2003 жылдары Ш.Құсайынов театрында актер боп жемісті қызмет жасап жан тебірентер жақсы образдарымен қатар ерекше ізденістерімен өз көрермендерін қалыптастырып, өзі де кемелденіп ізгі бастамалардың ізіне түсті. Оның актер ретінде Ш.Құсайынов театры сахнасында бедерлеген кейіпкерлер галереясының бәсі биік. Сафуан өз кейіпкерлерінің табиғатын ашуда, оның жан әлемінің қатпарларын зерделеп тынымсыз қарекет жасап өз көрерменін таңдандырмай қоймайтын теңіздей терең артист. Атап айтсақ Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» - Мұрат, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегіндегі» - Абдолла, Б.Әлімжановтың «Қожанасырында» - Қожанасыр, У.Шекспирдің «Кароль Лирінде» - Сайқымазақ, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» - Сәбитжан, Гогольдің «Ревизорында» - Хлестаков, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесінде» - Шығай хан сынды бейнелерді шебер ойнап шыңдалды. Сафуан Шаймерденов 2003-2004 жылдары Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекттік қазақ музыкалық драма театрында, 2005-2009 жылдар Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық Жасөспірімдер мен Балалар театрында актер боп, 2004-2008 жылдары «Мафия мен Тақия» әзіл-ысқақ театрында әнші, актер, сценарист әрі режиссер боп қызмет істеп, сан қырлылығмен көзге түсіп, танымалдығы артып қазақ театр өнеріндегі өз есімін қалыптастырды. Сафуан қай театрда болмасын сапалы өнер жасауға құлшынған, жүрегі өнер деп соққан азамат.
Шын жүйрікке тұсау жоқ дейді дана халқымыз. Бұл сөзді Сафуан Рысбайұлына да қарата айтуға болатын сыңайлы. Ол ананың сүті әкенің қанымен берілген өнерін ұштап ізденуден танбайтын талант екенін әр жыл сайын дәлелдеп келеді. Адам өз бойына берілген өнер ұшқынын түйсіпен аңдап, тереңдетіп қазбаласа таусылмас кенге тап болары сөзсіз. Адамды алға жетелеуші күш тынымсыз еңбекпен асқақ арман екені анық. Сафуан театр актеры ретінде ғана шектелмей елімздегі кино өнерінің дамуына да өзіндік үлесін қосып жүрген тұлға. Ол кино өнеріндегі алғашқы қадамын Б.Майлиннің әңгімесі желісімен түсірілген «Қара бала» (реж. К.Дүйсенбаев) фильіміндегі бас кейіпкер Қара бала – Дүйсеннің ролімен бастады. Қара бала образы күллі қазақ көрерменнің жүрегіне орын тепкен бейнелердің қатарында десек қателеспейміз. Кино әлеміне Қара бала боп қадам басқан Сафуан Шаймерденов одан өзге түрлі жанрдағы фиьлмдерге түсіп құлашын кеңге сермеп адуынды артист екенін дәлелдеп келеді. Атап айтсақ режиссер А.Әмірқұловтың «Абайдың жастық шағы» фильмінде - Ербол, Б.Әлімжановтың «Ән мен анаша» фильмінде – Боранного Боранғұл, режиссер М.Есіркеповтың «Өлшем» көркем фильмінде басты роль –Әсет, режиссер Д.Жолжақсыновтың «Біржан сал» көркем фильмінде – Мырза, режиссер Қ.Орынбековтың «Ограбление по казахский» фильмінде – Сәкен, режиссер Н.Садығұловтың «Балуан шолақ» көркем фильмінде – Сүтемген сынды бейнелерді терең тебіреніспен орындап өзіндік ерекшеліктерімен даралана түсті. Сафуан Рысбайұлы көркем фильмдерден бөлек «Құрдастар» «Үйлену оңай» , «Бәсеке», «Мәдениет үйі», «Соңғы тоқсан», «Кебенек», «Замандастар» сияқты көптеген телесериялдардағы сан түрлі бейнелері арқылы көрерменге жақсы таныс. Театр сахнасы мен көгілдір экрандағы орынды һәм нанымды юмарларымен өз көрерменін баурап алатын Сафуанның сырлы әлемі бұнымен ғана шектелмейді...
Тынымсыз ізденістің шеңберінде жүретін Сафуан Шаймерденовтың өзге әріптестерінен тағы бір ерекшелігі өзін шығармашыл тұлға ретінде тоқтаусыз дамытатындығы. Оған дәлел 2014 жылы «Сафуан Рысбайұлы антепризалық театры» деген атпен өзі ғана ойнайтын моно театр ашуы. Алғашқы қойылым ретінде Француз классигі, жазушы әрі ұшқыш – Антуан де Сент – Экзюперидің класикалық туындысы «Кішкентай ханзада» ертегісін сахналады. Режиссері Болат Абдраманов. Сафуан бұл аллегориялық моноспектакльде жалғыз өзі он түрлі образ жасап нағыз шебер артист екенін дәлелдеді. Одан кейін 2019 жылы «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық қойылымын жарыққа шығарды. Режиссері Сұлтан Сырайылов. Кем талантқа сахнадағы бір рольдің өзі аурлық етеді, ал шын талантқа шектеу жоқ екенін Сафуан Шаймерденов растағандай.
Театр өнерінің бойына нәр беріп актердың атын шығарып, пьесаның шырын балын сығып алып, көрерменге дәмдеп ұсынатын қиын – әрі қызықты мамандықтық бірі – режиссура. Режиссер болу үшін актердан ақылды, драматургтан дарынды болуың шарт. Осынау күрделі жанрды игеруде Сафуанның да сара жолы қалыптасып келеді. Оның режиссерлық жолындағы алғаш тұсауын кескен ел киелі Көкше топырағы. Ол 2012 жылы тұңғыш рет Ш.Құсайынов театрында Серік Асылбекұлының «Империядағы туған күн» спектаклін, 2013 жылы Ж.Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» драмасын, 2014 жылы Б. Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» драмасын сахналаса, 2017 жылы Ғ.Мүсірепов театрында Д.Исабековтың «Құстар фестивалі» қойылымын, 2018 жылы С.Маршактың «Жаңа жылға бәйшешек...» қойылымын сахналап ой-өрісі кең, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып қалған талантты режиисер екенін көрсетті. Сафуанның режиссурасындағы басты құндылық ұлттық дүние таным мен адам жанының тазалығына ұмтылу екені байқалады. Кейіпкердің жан әлемін терең зерделеп актердың ашылып жұмыс жасауы режиссерге тікелей байланысты екені анық. Режиссер көпті көрген білімді әрі сан қырлы болса қойылымның һәм көрерменнің бағы. Аталған қасиеттерді Сафуан Рысбайұлының бойынан аңғару қиын емес. Өнер үшін өмірін сарп етіп жүрген өресі биік өрнегі бөлек өр рухты жандардың өлмес өнер жасайтыны ақиқат. Олардың басты бағдары бастық болу, бай болу емес... Олар атақ-мансап деп өлермендікке бармайды... Өзін жан-жақты дамытып қазақ мәдениетінің қоржынына мәйекті дүнелерімен олжа салып жүрсе де атақ-мансапқа қол созбай театр өнеріне деген ақ махаббатын жүрегіне құндақтаған жандардың бірі саф өнерлі Сафуан. Ол кино әлемінде де режиссерлық қырын көрсетіп «Нұрлы жол» қысқа метражды филімін түсірді. Сондай-ақ «Қанталапай», «Любовь в кредит», «Зұлмат», «Балуан шолақ» тағы басқа фильмдерде екінші режиссер ретінде қызмет жасап режиссерлығын дамытып зор тәжірибе жинақтады. Жүрегі өнер деп өрекпіген тегеурінді талант қазір Көкшетауда...
Көкшелік театр сүйер көрерменге Сафуан Шаймерденов режиссурасымен В.Дельмардың «АЛЛИЛУЯ» (Өмір деген – осы...) драмасы даярлануда. Адамзатқа ортақ тақырыпты арқау еткен құнды қойылым, көрерменге тамаша сый болмақ. Аталған қойылыммен Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының XXVII театр маусымы ашылады деп жоспарлануда. Сафуан Рысбайұлының кезекті жұмысынан сәттілік тілейміз!
Манарбек ҚЫДЫРБАЙ
Ш.Құсайынов атындағы
облыстық қазақ музыкалық
драма театрының
әдебиет бөлім маңгерушісі