жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
09.08.2022

САХНА САҢЛАҒЫ СОҢҒЫ САПАРҒА АТТАНДЫ

      Табиғатымен талайды тамсандырып, көркімен көзді арбаған, жұмақ мекен, киелі Көкшетау топырағынан  түлеген талай таланттың есімі елімізге әйгілі. Солардың бірі теңдессіз өнер майталманы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ақмола облысы Біржан сал ауданының құрметті азаматы қазақ театр өнерінің ақ жаулықты анасы Роза Әшірбекова   85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

          Өнерге деген іңкәр жүрегін мейірім мен шапағатқа толтырған дара дарын 1938 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген.Бар ғұмырын театр өнеріне арнаған тағылымы мол тағдыр иесі 1960 жылдан бастап, табаны күректей  62 жыл  еліміздегі шоқтығы биік өнер ордасы  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет жасады.  Сахна өнеріне деген мөлдір махаббатына дақ түсірмеген атақты актрисаның қазасы туған топырағы Көкше жұртының ғана емес күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып мұңға батырды.  Сан жылдық ізденісімен ізгі образдар жасап көрерменнің көзайымына айналған актриса Розаның  есімі жаны жайсаң жанашыр халқының есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

      Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өзі қызмет жасаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.  Роза Әшірбекованың қазасын естіп туған жері Ақмола облысы, Көкшетау елі атынан арнайы барған Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы" қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов пен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы м.а. театр және кино актері, мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров, марқұмның туған туыстары мен қызметтес әріптестеріне көңіл айтып облыс әкімі Ермек Боранбайұлының көңіл айту жедел хатын табыстады. (Көкше топырағынан қанат қағып  өзге өңірде жүрген өнер иелерін үнемі есте тұтып, зор құрметке бөлеп жүретін Ермек Боранбайұлының парасаттылығын атай кеткен жөн.) «Өнер айдынында өзіндік өрнегі бар актрисаның 80 жылдық мерей тойында дәл осы сахнада тұрып Көкшенің ерке қызына халқының ықылас – пейілін жеткізіп өскен елі Біржан сал ауданының құрметті азаматы төс бөлгісін табыстаған едік, ал бүгін дәл осы сахнада әпкемізбен бақұлдасу жазылыпты. Жақсы адамның жаны жәннатта болсын» деді Көкшетау халқы атынан арнай сөз сөйлеген Ермек Нұғыманов. Роза Әшірбекованы соңғы сапарға шығарып салып,  хоштасу рәсімінде өнердегі замандас - әріптестері Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов «Қазақстан театр қайраткелері» одағы атынан  марқұмның жақынарына көңіл айтты. Халық әртісі  Досхан Жолжақсынов пен сахналас-әріптесі Кәдірбек Демесін де сөз алып естеліктерімен бөлісіп, адуынды актрисаның шығырмашылық жолына тоқталды.

       Оның қазақ мәдениеті мен театр өнеріне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Шынайы суреткерлікпен шырайлы сезімді ұштастырып, адам болмысының сан қырлы қатпарларын сахнадан бейнелеп, фәни жалғаннан өткенше халқының ыстық ықыласы мен көрермен қошеметіне бөленген  алып жүректі,  ақ көңілді ананың аты мәңгі жаңғырып тұрары сөзсіз. Актриса Роза Әшірбекованың ойнаған рөлдері бегзада өнердің бір биігіндей болып аңызға айналып көрермен көкейінде сақталары анық.

            Актрисаның алғашқы рөлдерінің бірі – Б.Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» спектакліндегі Анна бейнесі. Театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімі» мен «Бетпе-бетінде»), Шафақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Гертруда (У.Шекспирдің «Гамлетінде»), Гиацинта (Мольердің «Скапеннің айласында»), Аркадина (А.Чеховтың «Шағаласында»), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде») рөлдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін танытып, қазақ сахна өнері тарихындағы шоқтығы биік бейнелерге айналды. Жан - тәнімен театр өнеріне ерік  - жігерін арнаған Көкшенің көктем келбет көрікті қызының  есімі қазақ руханияты мен мәдениетінің өр биігінде тұрмақ. Өмір қысқа болса да – өнер мәңгі! Актрисаның театр өнерінде қалдырған ізі өшпес алаудай маздай бермек!

 

 

Манарбек Қыдырбай

Әдебиет бөлім меңгерушісі