Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық –драма театрында 6,7 – сәуір күндері түріктің әйгілі драматургы Назым Хикметтің қаламынан туған «Елеусіз қалған есіл ер» драмасының тұсаукескрі өтті. Қоюшы режиссеры Аян Алимбаев.Шығарма бүгінгі қоғамда белең алған даңқ құмарлық пен мансапқұмарлықты, екі жүзділік пен арамзалықты түрлі тағдырлар арқылы бейнелейді. Негізгі оқиға өз кәсібі арқылы атақ–даңқа қол жеткізіп, сол бір даңқын одан әрі аспандатқысы келіп құлшынып жүріп ақыр соңында елеусіз қалатын доктордың айналасында өрбиді. Оқиға доктордың сылаңдаған жас тоқалы мен (арт. Ғалия Қорабаева) жастайынан анасынан жетім қалып, тағдырдан теперіш көріп өскен доктордың қызының (арт. Гүлнұр Қожанованың ) салқын диалогтарынан басталып, даңқ құмар Доктордың (арт. Төлеубек Көңбай) газеттегі аянышты әңгімені оқып беруімен жалғасады. Іле-шала газеттегі оқиға тікелей сахнадан көрсетіледі. «Елеусіз қалғандар» кафесі. Бақытсыз кейіптегі үш адам ешкімге елеусіз оңашадағы күңгірт кафеде өз мұңдарымен арпалысып шарап ішіп, шылым шегіп отыр. Бірі кезінде танымал болған, ептілігімен, шеберлігімен көзге түскен шаштараз (арт. Зүлкәпіл Батихан). Бүгінде махаббаттың күйігімен бар даңқынан айырылған. Екіншісі бір кездегі желаяқ, спортсмен, бүгінгі таңда қос балдаққа сүйенген бір аяқты мүсәпір (арт. Кәсіп Елеусіз). Үшіншісі өмірден өзін таппай адасқан шал. Осынау бұлыңғыр кафедегілерің жан күйзелістері алдағы оқиғалардың дұздығы спетті. Тек жұмыс бастылық пен түрлі маңызды жиналыстардан көз ашпайтын, өз даңқына масаттанған атақ құмар докторға айналасында не боп жатқаны аса маңызды емес тәрізді. Оған керегі танымалдық. Ал жастайынан анасыз өскен қызына керегі әке мейірімі мен махаббаты еді. Доктордың атаққа құныққаны соншалық сылаңдаған жас тоқалының Ассистентпен (арт. Самат Шаймерденов) көңіл жарастырып көзіне шөп сап жүргені де аса қызықтырмайды. Оның ойлайтыны теңдессіз,білікті де білімді доктор деген мәртебесінің өсуі еді. Көп асқанға бір тосқан демекші күндердің бір күні жалғыз қызы әкесіне отбасылы еркектен аяғы ауыр боп қалғанын жеткізеді. Атақ-даңқына дақ түсіргісі келмейтін доктор ызадан жарыла жаздап қызын өзінен аулақ ауылға аттандыруға үгіттейді. Қызы әкесіне деген өкпе –наласын айтып жан-дүниесі аласапыран күй кешеді. Ауыр психологиялық кейіпкерді терең ізденіспен зерделеген актриса Гүлнұр Қожанованың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол ақыры, ішіндегі үш айлық балаға аборт жасатпақ болады. Елдің сөзі мен артық өсектен қашқан аяғы ауыр қызы әйгілі доктор әкесіне абортты өзің жасайсың деп талап қояды. Тығырыққа тірелген доктор шарасыздықтан өз қызына аборт жасаймын деп ота үстелінде қызын жазым етіп 5 жылға сотталып кетеді. Ол сотталып кеткен сәтте жас әйелі мен доктордан құтылғанына мәз болып доктордың шәкірті Ассистентпен көңіл жарастырады. Жаза мерзімі аяқталып үйіне оралған Доктор олардың үстінен түседі. Даңққа құмартып жүргенде өмірінің күл талқаны шыққан Доктор өз үйінен, дүние мүлкінен, жас әйелінен бас тартып қарапайым адамдар арасына жол тартады. Елеусіз қалған дәрігер түптің түбінде "Елеусіз қалғандар " кафесіне барары сөзсіз.... Қойылымға ерекше бояу беріп тұрған образдардың бірі Доктордың қызметшісі (арт. Санжар Ақмағанбетов). Санжар өз кейіпкері бойынша көп толғанып, өзінше бір мәнер тапқаны байқалды. Спектаклдың қоюшы суретшісі Маймұра Топанбаева бұл жолы тиянақты жұмыс жасағаны спектаклдің сәтті шығуына өзіндік үлес қосқандай. Қойылым бойы қосылатын әуендер де дұрыс таңдалған. Бұл әуеннмен әрлеуші Талғат Серікбайтың зор еңбегі. Түрлі оқиғаларды одан сайын әрлеп жарықпен құбылтқан жарық беруші Қанат Әкімбаевтың шеберлігіне еш шүбә жоқ. Театрдағы кейінгі кезде қойылып жүрген қойылымдарды өзгеше сипатта көрінуіне, артистердің әсем қозғалысына үлес қосып бимен әрлеуші Ғазиза Алимбаеваның қол таңбасы да ерек көрініс тапқан. Екі айдан астам уақыт дайындалған бұл ауқымды қойылым жас режиссер Аян Алимбаевтың Шахмет Құсайынов театрындағы үшінші жұмысы. Режиссердың әр қойылымынан, өзінше бір ізденістер жасап, шығармашыл тұлға ретінде өсіп келе жатқаны байқалады. Алдағы уақытта да бұдан да әсері бөлек, пошымы ерек, көрген адам «ах» деп таңданарлықтай сәтті жұмыстар жасай беруін тілейміз! Шытырманға толы бұл қойылым да талай көрерменнің көңілін тебірентер деген үміттеміз! Спектакльдің ғұмыры ұзақ болғай.