жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
28.03.2022

"АЛЛО, МАМА" драмасының премьерасы өтті

    27 наурыз - Халықаралық  театр күніне орай Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында  Барзу Абдураззаковтың "Алло, мама" драмасының премьерасы сәтті өтті. Ана мен бала арасындағы түрлі сезімдерді арқау еткен қойылымның қоюшы режиссері - Тасқын Мажитов.  Қоюшы суретшісі - Ирина Лунга. 

Оқиға екі қалада тұратын ана мен ұлы арасында өрбиді.  Олардың арасын қаншама шақырымдар бөліп тұрса да ана махаббатынан асып кете алмақ емес. Анасы өзге қаладағы бауыр еті баласын алаңдап, жатса - тұрса дұғасына қосып, ұлынан  қоңырау күтіп, күн ұзақ телефон тұтқасына елеңдейді. Шерменде болған ана ұлымен телефон арқылы болсын көбірек сөйлескісі, сырласқысы келеді.   Бірақ өзге қалада басшылық қызметтегі жұмыс басты ұлының анасымен сөйлесуге уақыты бола бермейді.

         Алаң көңіл ана бейнесін ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова, анаға өктем сөйлейтін, жат бауыр боп кеткен ұл бейнесін театр артисі Еркебұлан Төлеуов жоғары деңгейде ойнады.  Премьераға келген көрерменнің қарасы көп болды.  Ақ жүректі аналар  жайлы толғаған қойылым, көрерменді түрлі қиялға жетелеп, мол әсер сыйлады.  Айтар ойы мен тағылымы мол спектаклге жиналған көрерменнің ықылас - қошеметі ерекше болды.
Спектакль соңында Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы халықаралық театр күніне орай құттықтау сөз сөйлеп облыс әкімі Ермек Боранбайұлының және облыстық Мәдениет басқармасының атынан  театр қызметкерлеріне  құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыстады.  Сонымен қатар театр басшысы м.а Жарас Шотбекұлы театр атынан алғыс хаттар табыстап құттықтау сөз сөйлеп, көрерменге алғысын білдірді.
Ісшара соңында  спектакль режиссері Тасқын Мажитов,  актриса Жанар Құсайынова, актер Еркебұлан Төлеуов, әдебиет бөлім меңгерушісі Манарбек Қыдырбайұлы театрға құштар көрерменмен "Пікір алаңында" дидарласты.  Пікір алаңында сөз алған көрермендер театр артистеріне сұрақтарын қойып, ақ тілектерін айтып, "Алло, мама" қойылымның артықшылықтары мен кемшіліктерін ортаға салды.