жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
24.11.2021

ӘКІМГЕ ХАТ ЖОЛДАНДЫ

       ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушысы, бүгінгі таңдағы театр басшысы Оспанов Мұратбек Үкібайұлының туған күні 17 қараша. Туған күн қарсаңында театр басшысына жеке меншік мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдіріп хат жолдаған өнердегі аға - бауыр, іні қарындастары, жора -  жолдас әріптестері көп болды. Тақыр жерден театр ашып Көкше топырағындағы өнердің туын көкке желбіреткен Мұратбек Үкібайұлының ел алдында ғана емес әріптестері алдында беделі биік, абыройы асқақ.

        25 жылдық тарихы бар Шахаң театрын шашыратпай, өз биігінде ұстап келе жатқан өнер қайраткерінің туған күніне орай  Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызының қолы қойылған хат келіп түсті.   Хатта туған күн иесіне деген құттықтау лебіздің орнына театр басшысы Мұратбек Үкібайұлының зейнет жасына толуына байланысты қызметтік орнын босатсын делінген.  Дәл туған күн қарсаңында Мәдениет басқармасынан жеткен мәдениетсіздеу хат күллі ұжымға ұнамады.  Осы хатқа байланысты 2021 жылдың 18 - і күні сағат 11.00 - де Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы мән - жайды түсіндіру үшін театр қызметкерлерін жинап көрермен залында жиналыс өткізді.  Жиын барысында Айгүл Баубекқызы театр қызметкерлерінің өтініш тілектерін тыңдады.  Театр қызметкерлерінің барлығы дерлік театр басшысы Мұратбек Үкібайұлының киелі қара шаңырақ қазақ театрын береке  - бірлікте, айрандай ұйытып тату  - тәтті басқарып отырғандығын сөзге тиек етіп, тағы бірнеше жыл өнер ордасын басқаруын қалайтындарын жеткізді.  Бірақ Айгүл Баубекқызы театр қызметкерлеріне тұшымды жауап қайтара алмады.  Сол себепті  күллі ұжымның қолдауын тауып театр қызметкерлерінің өз еркімен қолдары қойылған хат Ақмола облысының әкімі  Ермек Боранбайұлына жолданды. Хатта  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Оспанов Мұратбек Үкібайұлын театр басшысы лауазымында қалғандығын қалайтыны жайлы театр қызметкерлерінің өтініш талаптары жазылған.  100 пайыз ұжымның қолдауымен жазылған хатқа облыс әкімі Ермек Боранбайұлы оңтайлы жауап қайтарады деген үміттеміз!

Ескерту:
         Осы мәселеге байланысты 2021 жылыдың 30 -шы қарашасы, сағат 15:00 - де театр қызметкерлерінің және  тәуелсіз журналистер мен блогерлердің қатысуымен баспасөз маслихаты өтпек.
Өтетін орны: Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық - драма театрының көрермен залы.