жаналыктар
-
20.12.2024
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Әбділ "Ұлы дала" шығармашылық байқауында балалар әдебиеті бағыты бойынша жеңіс тұғырынан көрінді
-
17.12.2024
"Қызық екен"
Жаңа жылдық концерттік бағдарлама
-
09.12.2024
"Бремен музыканттары" жаңа жылдық ертегі
ПРЕМЬЕРА! ПРЕМЬЕРА! ПРЕМЬЕРА!
-
06.12.2024
Әзірбайжан Республикасының Шеки мемлекеттік драматеатрының145 жылдығына арналған халықаралақ IV Шеки театр фестивалі
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
«ШЫҢҒЫС ХАН» ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ
Көкшетаудағы өнердің қара шаңырағы Шахаң театры араға жылға жуық уақыт салып өз көрермендерімен қайта қауышты. Наурыз айының 10,11,12,14 - күндері көптен күткен «Шыңғыс хан» драмасының премьерасы сәтті өтті.
Хахарымен әлемді дүр сілкіндірген ұлы қаған жайлы шығарманың авторы Елена Баранчикова. Пьесаны үлкен ыждахаттылықпен қазақ тіліне аударған танымал ақын Серік Жетпісқалиев. Драманың қоюшы режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов.
Шығарма Шыңғыс Айтматовтың аңызы-әңгімелері желісі бойынша жазылған. Қай замандағы ұлы тұлғаларды алсаңызда оларға жаратушы иенің назары ауып бойларына ерекше қасиет дарығанын аңғарамыз. Әлемді ат тұяғының дүбірімен дүрліктірген Шыңғыс хан жайлы және оның далалықтарға арналған заңдары туралы түрлі аңыз әңгімелер бар. Сол аңыздардың біріне сүйенсек ұлы әміршіні желеп-жебеп, қайда барса да төбесінде қалықтап жүретін бір шөкім бұлт болған деседі. Бұл қасиетті бұлт туралы,шығарма кейіпкерлерінің бірі бақсы Бее былай дейді (арт. Дархан Хасенов): Ұлы қағанға Көктәңірі белгі жіберді. Оның төбесінде үнемі ақ бұлт жүретін болады. Ол елеусіз, ақ көлеңкедей болып еріп жүреді. Көк белгісі оның жердегі әмірін қолдайды. Бірақ... ол ақ бұлтын жоғалтса , жердегі алапат күші мен билігін де жоғалтады... Ақ бұлты жоғалған күні Әмірші де өмірмен қош айтысады» - дейді. Бірақ Көк Тәңірінің көзі түсіп қылышынан қан сорғалап жер бетінде қанды қасап жасаған Шыңғыс хан шектен шығады. Табиғат заңына қарсы қатал заңдар ойлап табады. Егер кімде-кім әмірші үкімін бұзса жұмыр басы жұлынары хақ. Сол заңдардың бірі жорық барысында ер мен әйелдің көңіл қосып ұрпақ өрбітуіне тиым салуы еді. Шығарманың негізгі нобайы осы сарында.
Спектакль басталған бойда сахнадан артық ештеңе байқамайсыз. Шымылдық ашылғаннан-ақ ат дүбіріндей атойлаған сардарлардың жорыққа аттануы ерекше әуенге құрылған жылдам ырғақты бимен басталады. Бұл тәсіл көрерменді бірден өзіне елітіп әкетері сөзсіз. Айналаның бәрі қып қызыл түскепен безенген. Тіпті кейіпкерлердің аяқ киімдері де шымқай қызыл. Бұл ерекшеліктер Шыңғыс ханның қайқы қылышының кесірінен жосаға боялған жерлер іспетті елестейді көрер көзге.
Спектакльде, Жамұқа «арт.Зүлкәпіл Батихан) мен Шыңғыс ханның (арт. Медет Хамзин) ара қатынасы мен ішкі пиғылдары және ұлы әміршінің әйелі Бөртенің (арт. Ғалия Қорабаева) назды қылықтары да көрініс табады. Сондай-ақ жорықта жүріп бір-біріне деген сезім ұшқындары оянып ақыры алапат өртке ұласқан ержүрек сарбаз Ердене (арт. Асланбек Шайсұлтанов) мен жорық байрағын кестелеуші бойжеткен Догулангтың (Әсем Шайсұлтанова) мөлдір махаббаты баяндалады. Олар ақыр соңында Шыңғыс ханның емес табиғаттың заңына бағынды. Көп ұзамай екі ғашықтың ынтық сезімі мен өмірге сәби келеді. Есімін Құнан деп қояды. Мұны естіген әмірші Шыңғыс хан (арт. Медет Хамзин) хахарына мініп бас жендеттерінің бірі Мысыққа (Арт. Ержан Әубәкіров) кінәліні тауып жазалауды тапсырады. Ақыры жендет дегеніне жетіп екі боздақтың басын алады. Бұларға шыр –пыр болып ара түсіп ниеттес болып жүрген жалғыз жан, Догулангты жастайынан бағып-қаққан күң әйел Алтын шырылдаған сәбимен тентіреп кетеді. Жас сәбиді құшақтап өксіген Алтын (арт. Маржан Бөкешова) ен далада жалғыз қалып Көк Тәңірінен медет тілейді...
Сондай-ақ көшпелілер заманында бақсы-балгерлердің өз орны болғаны әмбеге аян. Олардың болжамдары айнымай келетін болғандықтан ұлы әміршілердің өзі Бақсы-сәуөгейлерге жүгінген. Бұл шығармадағы ең тартымды бейнелердің бірі де бақсы Бее (арт. Дархан) дер едік. Спектакль соңында бақсы ай далада сәби құшақтап ах ұрып жүрген күң Алтынға жолығады. Көк Тәңірінің көңілі ұлы әміршіден қалғаны жайлы, енді ақ бұлт Құнанның жебеушісі болатыны жайлы айтады.
Бұл орайда кез кедген дүние мәңгі емес екенін байқаймыз. Бақ пен байлық көшпелі екенін түсінеміз.
Спектакль соңында күллі жауынгерлер қалқандарын сахна ортасына тау ғып үйіп лақтырып тастап, құшағына құндақтаулы сәбиді қысқан ананы ақ киізге отырғызып биік көтереді. Бұл көрініс Ана мен баланың көз жасы құрғамай әлемде бейбіт өмір орнамайды деген пәлсәпаға жетелейді. Осы бір сәттерді режиссердің ұтымды шешімдерінің бірі деуге болады.
Қойылымда ең бастысы тұтастық пен шынайы ойын бар. Артистердің барлығы дерлік өздеріңің рөлдерін сәтті шығарып, режиссердың діттеген мақсатына жете білген. Бұған көрерменнің толассыз қошеметі куә. Қойылымнан далалықтардың өр рухы еседі.
Спектакльге ерекше әр беріп тұрған дүниелердің бірі сәні келісіп сапалы тігілген киім үлгілері. Бұл орайда киім үлгілерін жасаған Маймұра Топанбаева мен киімдерді тіккен Көкшетау қаласындағы «Ақай» тігін шеберханасының еңбегі ұшан теңіз дер едік. Қойылымның тұла бойын тірілтіп қан жүгіртіп тұрған бір ерекшеліктердің бірі көпшілік сахналардағы жауынгерлердің биі. Бұл балетмейстер ҒазизаАшимаованың еңбегі. Қойылымға өзіндік үн қосып көрік беріп тұрған бет әрлеуші Айна Баймұратованың, әуенмен әрлеуші Медет Мұхамединнің, жарық беруші Қанат Әкімбаевтың еңбектері спектакльдің өн бойын өрнектеп өзгеше сипатта көрінуіне жол ашқан .
Бұл қойылым әу баста Алтын орданың 750 жылдығына орай жоспарланып елдегі індеттің алдын алу мақсатында кейінге шегерілген-ді. Игіліктің ерте кеші жоқ демекші бұл күнге де жеткенімізге де қуандық. Осынау театрдағы емен –жарқын күндерде қауышатын сәттерге бөгет болған індеттен еліміз аман болсын дейміз. Көрермен мен театр арасындағы байланыс енді үзілмесе екен деген ақ тілек бар.
Көрерменсіз театр – тұл, театрсыз көрермен – солған гүл десек қателеспейміз. Қадірлі көрермен әрдайым театрда қауышайық! Қуанышымыз ұзағынан болғай! Барша театр ұжымына премьера құтты болғай!!!
Ш.Құсайынов атындағы
обыстық қазақ музыкалық-драма
театрының әдебиет бөлім меңгерушісі – Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ