жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
03.03.2020

"Мәссаған! Сенсация"

           Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театры ақпан айында 26-27- сі  және наурыз айының 1-і күндері «Мәссаған! Сенсация!!!» трагикомедиясының тұсауы кесіліп театр сүйер көрермен назарына ұсынылды.  Пьесаның авторы театр елінің әйгілі драматургі Зульфат Хаким. Оны қазақ болмысымен астастырып сәтті аударма жасаған ақын, Серік Жетпісқалиев. Сәтті аударылған дейтініміз ол жерде құлаш-құлаш манологтардангөрі әртістердің айтуына және сахнада ойнатуына қолайлы, қысқа әрі диалогтар қолданылған. Қойылымның қоюшы режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов сахналайтын дүниесін дөп басып тани білген. Олай дейтін себебіміз  шығарма бүгінгі күннің аса асқынған дертіне айналып, ушығып кеткен жемқорлық мәселесін өн бойына арқау еткен. Оқиға Көкшетау қаласына қарасты аудандардың бірінде өтеді.  Қарапайым химия пәні мұғәлімі Сайпы (Арт. Қайрат Мырзаболатов) ойламаған жерден, елді елең еткізіп пара алғызбайтын дәрі ойлап табады. Бұны алғаш естіген аудан атқа мінерлері мен шенділері, бұл жаңалыққа сенер сенбесін білмей алғашқыда  абдырап қалады.  Аудан әкімі Ахмадиев Орақ Мығалиевич ( Арт. Төлеубек Көңбай) бұл жағымсыз жаңалықтың алдын алу мақсатында барлық қызметкерлерін  жеке-жеке кеңсеге шақырып ақылдасады.  Олар кезек-кезек келген бойда өзінің пара алмайтынын, сүттен ақ, судан таза екенін айта келеді. Олай келетін себебі шұғыл шақыртқан әкім, өздеріне пара алғызбайтын дәріні ұсынады деп ойлайды. Бәрінің ішінде белгісіз бір қорқыныштары бар. Өкінішке орай әкімнің өзі бұл дәріні ойлап тапқан Сайпының жаңалығына қарсы шығады. Бұл жердегілердің бәрі  өз  көлеңкелерінен өздері шошиды.  Табан асты әбігерге түскен бұлар, бірігіп пара алғызбайтын дәріні жоққа шығару мақсатында түрлі айла-шарғы ойлап тауып тер төгеді. Олар жемқорлықтың жойылуына неге қарсы? Өйткені  бұл елде тамыр-таныссыз, аға-көкесіз еш нәрсеге қолың жетпейді. Басың ауырып, балтырың сыздаған сәтте  білікті дәрігерге қаралуың үшін, денсаулығы жарамсыз балаңды әскерден алып қалу үшін, туыстарың мен жақындарың жақсы қызметте болу үшін, балаңды балабақшаға беру үшін, басыңа байланған жаладан құтылу үшін  де т.б жоғарыда сүйенерің немесе қалтаңда мәселенің күрмеуін шешетін  көк қағазың болуы шарт.  Бұның бәрі бүгінгі қоғамның ащы шындығы.       Қойылымның бір ерешелігі келген көрерменге проблеманы тізбектеп  ақыл айтып миын езбейді. Режиссер бұл жерде астарлы әзіл-қалжың арқылы мақтамен бауыздау тәсілін қолданған. Өтіп  жатқан оқиғаны көрермен көріп отырып күлкіге қарық болады. Күле отырып ой құшағына құлайды. Түсінетін түйсігі бар адам болса қойылымнан көп ой түйеді. Спектакль жемқорлыққа белшесінен батқан, өзіміз өмір сүріп отырған ортаны көз алдымызға әкеліп жайып салады. Қойылым барысында әр саланың тізгінін ұстап отырғандар әкім ырзамен кездесу барысынада креслоларын тастамай өздерімен бірге алып жүреді. Бұл көріністен де көп ой түйіуге болады. Шын мәнінде «жоғарыдағылардың» көбі өзінің отырған құтты орнын атасынан қалған мирас спетті иемденіп алғаны, отырған жерінде алжығанша отыра беретіні ащыда болса шындық. Бұлда жемқорлық пен парақорлықтың, әділетсіздіктің жемісі деп түйдік.  Сайпы ойлап тапқан дәрінің салдарынан биліктегілер оған қысым көрсете бастайды. Қысымға шыдамаған ол ауласындағы алып теректің басына шығып алып түспей қояды. Амалы құрыған ол өзі отырған жерге арқаннан тұзақ жасап алады. Түсіруге әрекет жасап жанталасқандарды сол тұзаққа асылып өлем деп қорқытады. Ізгілікке ұмтылып   пара алғызбайтын дәріні ойлап тапқан Сайпыға биліктегілер мен бірге қарапайым халықта шыр-пыр болып қарсы шығады. Халықтың қарсы шығатын себебі, дәрі ішіп пара алатындардың саны азайса, шаруалары шатқайақтап қалады деп қорқады. Кез-келген мәселені оңай жолмен шешудің жалғыз жолынан ешкімніңде бас тартқысы жоқ. Әртістердің барлығы дерлік өз кейіпкерлерін терең зерттеп өзінді ерекшеліктерін таба білген. Бір сағат қырық минут жүретін қойылымның қалай тез өткенін аңғармай да қаласың. Бұл ең әуелі әртістер мен режиссердің еңбегінің нәтижесі. Ақыр соңында Астаналық ғалымдар Сайпының ойлап тапқан дәрісін зерттеп жоққа шығарады. Бұны естіген аудан атқа мінерлері бөрігін аспанға атып қуанады. Сайпының жанында әйелгі ғана қалады.  Ол жемқорлықпен күресті ешқашан тоқтатпайтынын, қалайда пара алғызбайтын дәрі ойлап табатынын шегелеп айтады. Осы сөздерден соң жемқорлыққа қарсы күресті әркім айналасынан және өзінен бастау керектігін түсінесіз. Спектакльдің сценографиясын жасаған қоюшы суретші Маймұра Топанбаеваныңда еңбегін атап өткен абзал. Ол трагикомедияның ішіне терең үңіліп әртістердің ойнауына ыңғайлы етіп сәтті декорация жасай білген.  Сахнаның алдыңғы  планындағы әкімнің кеңсесі ретінде қойылған шымылдықтың бетіндегі есіктер рамка ретінде жасалған. Бұны режиссер де сәтті қолдана білген. Спектакль басталып шымылдық ашылғанда ел ағалары атанып жүрген түрлі саланың басшылар сол рамкалардың ішінде үнсіз тұрады.  Ол үнсіздік жәй үнсіздік емес шарасыз үнсіздікке ұқсайды. Олар жүйенің жасаған шеңберінен немесе рамкасынан шығуға қорқатын тәрізді.  Спектакль бітіп шымылдық жабылар сәтте басшылар тұрған рамкаға аудан халқы келіп қосылады.  Бұны мен, қоғамның жемқор жүйге жұтылуы деп түйдім.  Қойылымды көріп болған бойда, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қаныңызға сіңіп, әбден етіңіз үйреніп кеткенін байқайсыз. Спектакль біткенше күліп отырып кетерде ойланып кетесіз. Шеңбер ішінен шығуға үрейленетін қоғамды немесе өзіңізді көргіңіз келсе театрға келіңіз.

 

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі - Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ