жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
18.09.2019

ЖУЫРДА КӨКШЕ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛАДЫ

          Жуырда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының кезекті  23-ші маусымы ашылады.  Жаңа маусымның шымылдығы 25-ші қыркүйек күні,отандық драматург Сұлтанәлі Балғабайевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясымен ашылады. Режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. С.Балғабаевтың бұл шығармасы қоғамда белең алған жемқорлық, сатқындық, парақорлық сияқты жағымсыз жайыттарды арқау еткен. Бас кейіпкердің бірі Ескендір қарапайым халыққа үй салып берем деп, бар ақшаны алып, өз сыбайластарымен бірге үлескерлерді тақырға отырғызып кетеді. Кейін қылмыстары ашылып, сотқа жетіп, үстілерінен іс қозғалады. Тығырыққа тірелген Ескендірдің әйелі Динара ешқашан өтірік айтпайтын, ақшаға алданбайтын Гүлжамила  атты шетелдік адвокат іздеп табады. Ақыры тапқан адвокаты Ескендірдің бұрынғы ғашығы боп шығады. Осылайша оқиға ширыға түседі. Автор пьесадағы әр кейіпкердің мінез-құлқы арқылы, біздің елде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қатты белең алғанын меңзейді. Кейіпкерлердің бірі былай дейді: «Қазір Қазақстандағы екі адамның бірі заңгер... адвокат... Бірақ оларға сену қиын. Олардың адалдығы, әділдігі тек белгілі бір жерге дейін ғана...» дейді. Басқада шиеленіске толы тағдырларға куә болғыңыз келсе театрға асығыңыз!  Театрды қоғам айнасы деп санайтын жаны мәрт көрерменді жаңа маусымда басқада тың қойылымдар күтеді. Атап айтсақ бүгінгі қазақ қоғамының жазылмас дертіне айналған тіл мәселесімен ұлттық жад мәселесін арқау еткен Шыңғыс Айтматовтың  «Мәңгүрт» қойылымын театр режиссері Фархадбек Қанафин өзіндік ізденістерімен көрерменге жолдайды. Сондай-ақ театр ұжымы жаңа маусымда  ересектерге арнап, Б.Кулуншакованың «Даланың ақ қызы» ертегісі (реж. Ф.Қанафин), Р.Ибраеваның «Қадыр таңы» психологиялық драмасын (Реж. М. Оспанов) және жыл соңында жаңа жылға арналған «Тамаша» концерттік бағдарламасын (Реж. Т.Көңбай) ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар балақайларға арнап режиссер Болат Абдрахманов Р.Киплингтің «Еркіндікті қалаған мысық» ертегісімен қатар М. Метерлингтің «Көктегі құс» ертегісін сахналап театрға жаны құштар бүлдіршіндерді  қуантпақ ниетте. Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады деген тәмсіл бар. Құрметті Көкшетау қаласының қонақтары мен тұрғындары жаныңызды руханият тамшысымен суарып жаныңызды жадыратқыңыз келсе театрға асығыңыз!