жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
05.06.2019

ХХІІ ТЕАТР МАУСЫМЫ ЖАБЫЛДЫ

     Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының  22-ші маусымы ашылғалы бері алты бірдей қойылымның тұсауы кесіліп өз көрермендеріне жол тартты. Оның бесеуі ересектерге арналған қойылымдар болды. Жыл бойы  театр репертуары жан-жақты таңдалып, сараланып  сахналанды. Мәселен жыл басында ұлттық құндылықтар мен жергілікті тұлғаларды насихаттау мақсатында «Сал-серілер» драмасы сахналанды. (Инсц.Манарбек Қыдырбай, реж.Мұратбек Оспанов). Ағылшын драматургиясынан  Рей Кунидің «Қып-қызыл ақша» комедиясы (реж. Төлеубек Көңбай) Көкшелік көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді. Италиян драматургиясынан Джонни Родаридің «Көк жебенің саяхаты» ертегісі (реж. Болат Абдрахманов)  өте сәтті сахналанып  бүлдіршіндердің көз қуанышына айналды. Орыс драматургиясынан Александр Володиннің «Мен сені сағындым» драмасы (реж.Болат Абдрахманов) сахналану формасы мен тақырып өзектілігімен өз көрерменін  қуантты. Әлемдік классикадан У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясы сахналанды. (Реж. Мұратбек Оспанов). Бұл қойылымға жастарды қолдау мақсатында бастан аяқ «Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің «Актерлік» бөлімінің 4-ші курс студенттері қатыстырылды. Бұл болашақ өнерпаздардың тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік болды. Қазақ классикасынан дарабоз жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» трагедиясы театр жастарымен өзгеше сарында сахналанды.(Реж.Мұратбек Оспанов).

          Бұл жыл театр ұжымы үшін ғана емес театрдағы шығармашыл тұлғалар үшінде жемісті жыл болды. Олай дейтін себебіміз театрымыздың негізін қалаушы әртістерінің бірі, әнші, композитор Құмарбек Қалқатаев ҚР «Еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталса, театрдың талантты артистері Маржан Арыстанбекқызы мен Дархан Қасенов «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.  Ал театрдың  әдебиет бөлімінің меңгерушісі жас қаламгер Манарбек Қыдырбайұлы Республикалық «Тәуелсіздік толғауы-2019» байқауында үздік пьеса номинациясы бойынша 3-ші орын жеңіп алды. Сонымен қатар театр труппасы жуырда Башқұртстан Республикасында өткен «Туғанлық» түркі тілдес театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен (Реж: Д.Жұмабаева) қатысып «Спектаклдегі үздік би» номинациясымен марапатталды. Бұл жүлдені Көкшенің ғана қуанышы емес күллі қазақ даласының қуанышы деуге негіз бар.   

          Театр ұжымы жыл бойы алыс-жақын елді мекендер мен қатар облыс, қала, аудандарда да гастролдік іс сапарларда болды. Кей бірін атап айтсақ мамыр айының 14 мен 17 аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар қаласында гастролде болып көрермен қошеметіне бөленді.

          Маусым айнының бесінші жұлдызы сағат 11:00-де жоғарыда айтылған жұмыстарды жан-жақты қорытындылау мақсатында және Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өткен «Туғанлық» түркі тілдес театрлар фестиваліне қатысқан артистердің алған әсерімен бөлісу үшін пресс конференция өткізілді.   Пресс конференцияға театр артистері мен  БАҚ өкілдері ат салысты.

           Театрдың  XXII маусымын қорытындылап  «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» трагедиясымен өз шымылдығын жапты. Маусымның жабылуына қаланың зиялы қауым өкілдері мен қатар БАҚ қызметкерлері қатысты.