жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
07.03.2016

Театрға 20 жыл!

Кеше, 6 наурыз күні, "Тәуелсіздік - тұғырым!" атты Аймақтық театрлар форумы аяқталды.  Сонымен бірге театрдың 20 жылдығына байланысты тойлау шаралары да өз мәресіне жетті. Бес күн бойы театр өзінің сүйікті әрі қадірлі көрермендеріне қызықты театр кештерін сыйға тартты. Бұл кештер қаламыз бен облысымыздың мәдени өміріндегі естен кетпес оқиғалары болды.

Наурыздың 2-нен 6-на дейін Г. Хугаевтың "Қара шекпен" (С. Мұқанов атындағы Солтүстік-Қазақтан облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Петропавл қ.), "Мұңмен алысқан адам" (І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Қостанай қ.), С. Жүнісовтың "Тырау-тырау, тырналар..." ("Жастар " театры, Астана қ.), Е. Хушвактовтың "Қызыл алма" (Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, Астана қ.) спектакльдері көрермен назарына ұсынылды.

Ағымдағы жылдың 5 наурыз күні Ақмола облысы әкімі Сергей Витальевич Кулагин театр ұжымымен кездесіп, 20 жылдық мерейтоймен құттықтады. Құттықтау барысында театрдың іргетасын қалауға және дамуына үлес қосқан актерларға ақшалай сыйақы табыстады. 

Кеш барысында облыс басшылығының, мәдениет басқармасының, құрметті қонақтары мен әріптестерінің құттықтаулары мен тілектеріне толы театрландырылған көрініс көрсетілді. Көркемдік жетекші Фархадбек Канафин бейнефильмнің көрсетілімі арқылы театрдың ашылуы мен өмірі жөнінде айтып берді.

Театр ұжымына кеш қонақтары өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. Ақмола облысы әкімінің құрмет грамоталарымен актёрлер Төлеубек Көңбай, Жанар Құсайынова және Айна Жүнісовалар марапатталды. "Батырлық жолы" спектаклінің режиссёры мен актёрлеріне КСРО Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына арналған медальдар табыс етілді. Қазақ театрының әріптестері - Ақмола облыстық орыс драма театры - "Үздік актёр" статуэткасын Төлеубек Көңбайға табыс етті. Жас актёрлер театрдың негізін қалаушыларымен бірге көрерменге актердің бақытты әрі қиыншылығы мол тіршілігі туралы театрландырылған көріністі сыйға тартты.

Сахнада директор М. Қ. Джакупова тұсауын кескен «Тәуелсіз ел – театр тарихында» кітабы театрдың ерекше сыйы болды. Қызметкерлердің өмірбаяндарымен, суреттерімен, репертуарымен, спектакльдердің  аннотацияларымен, газеттердегі мақалалармен  толтырылған театрдың тарихы екі жүз бетте баяндалды. Бұл кітап – театрдың қысқаша шежіресі.

Тойдың соңында Жабал Ерғалиевтың пьесасы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М. Оспанов сахналаған "Қилы жол" спектаклі өтті. Бұл қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. 

20 жыл ішінде театр труппасы театр өнерінің республикалық және халықаралық фестивальдеріне қатысты (Мысыр, Украина, Ресей, Беларусия). Театр мұражайында «Үздік қойылым», «Үздік актерлік ансамбль», «Тарихи тақырыпты сәтті игергені үшін», «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін», «Ең үздік ер адам рөлі үшін» және басқа аталымдарындағы марапаттар бар. Театр репертуарында 120 астам қойылымдар бар. Солардың арасында қазақ және әлемдік классика, заманауи драматургия және балаларға арналған спектакльдер. 

Театр 20 жасқа толды, бұл – аз да емес, көп те емес. Ұжымды жаңа шығармашылық белестер күтуде. Әртістерімізге шабыт пен шығармашылық табыстар тілейміз!