жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?
28.09.2015

Сүйінші! Сүйінші! Сүйінші!

Қазыналы Алтай өңірінде қазақ драма театрларының ХХІІІ республикалық фестиваліне қатысқан Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры кеңестік тоталитарлық жүйесінде билік құрған Н. Хрущевтің тың игеру саясатына орай қазақ елінің солтүстіктегі бес облысын Ресейге, мұнайлы Маңғыстау өңірін Түркменияға және Шымкент облысының бірнеше аудандарын Өзбекстанға қосу жөніндегі Мәскеу билігіне жалғыз өзі қарсы тұрған арыстан мінезді асыл ер, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтың ұлы ерлігін сомдайтын қойылыммен қатысып, «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Қойылымның авторы әрі қоюшы режиссері Ерсайын Төлеубай.

 

Сөз арасында республикалық фестивальға өр Алтай мен Атыраудың арасын кең жайлаған қазақ жерінің барлық өңірінен сегіз бірдей театр ұжымы қатысқандығын айтқан жөн. Шынайы сахна шеберлері арасында ақмолалық сахна шеберлері жарқырай көрінді.

 

Театрлардың сахналаған дүниелеріне көрнекті театр және кино актері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов, режиссерлар Асылхан Сәулебек, Салима Тасеменова, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, өнертану докторы Бақыт Нұрпейісова  тәрізді білікті мамандар баға беріп, сараптама жасаған.

 

«Алдаспанды» киелі сахнада алдаспандай жарқыратқан театр актерлары Төлеубек Көңбай, Құмарбек Қалқатаев, Қайрат Мырзаболатов, Жарас Қалдаров, Жанар Құсайынова, Еркін Тасболатов, Нұрсұлтан Қыдырбеков, Асылбек Тәшімовтер шынайы шеберліктің үлгісін көрсетті.

 

–Киелі Көкше жерінен барған соң жауапкершілік те жоғары. Таланты мен талабы ұштасқан, ауыздығымен құс тістеп тұрған кілең жүйріктің арасында барымызды салып, бағымызды жандырдық,–дейді Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Марал Жақыпова,–жақсыдан сабақ алдық, өнердің өрісін кеңейттік.    

  

Саңлақтардың сәтті сапарына көрермен де көзайым болып жатса, қуаныштың шырайы алаулай түспейді ме.