жаналыктар

вход на сайт

Регистрация Забыли пароль?

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры жайында қысқаша мағлұмат

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 1996 жылы 6 наурыз күні Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын ашқан болатын. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров. Театрды ашуға Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ жас түлектерін бастап әкеліп, ұжымға алғашқы басшы болған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрметті азаматы» атағының иегері Мұратбек Үкібайұлы Оспановтың еңбегін айта кеткен орынды.

2001 жылы қыркүйек айында Мысырда өткен («Конвейер» реж. Г.Мерғалиева) әлемдік театр фестивалінен 5 жүлденің біреуін иеленіп, абыроймен оралған труппа өз шеберліктерін шыңдап аяғына нық тұрды.

2004 жылы театрға облыстық бюджет есебінен жаңа ғимарат салынды. Осы жылы әйгілі қаламгер Сәкен сері Жүнісовтің мерейтойына орай  Аймақтық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті. Театр ұжымы 2 жүлделі орынға ие болды. «Ең үздік сценография үшін» номинациясын театрдың бас суретшісі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Мақсұт иеленсе, «Ең үздік режиссура» номинациясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов иеленді.

2006 жылдың наурыз айының 6-шы жұлдызында театрдың 10 жылдығы аталып өтті. Осыған орай театрдың алдыңғы лек актерлері Ж.Қалдаров, Т.Қонбай, Ж.Құсайынова, Қ.Қалқатаев, А.Жүнісова, Қ.Мырзаболатовтарға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері белгісі берілді. Театрда Қазақстанның  Халық әртісі Бағысова Жібек Есекеқызы бастаған 34 актер қызмет етуде.

2007 жылы мамыр айының  14-18-ші жұлдыздары аралығында Шахмет Құсайыновтың 100 жылдығына орай  Көкшетау қаласында Аймақтық фестиваль ұйымдастырылып, оған республиканың солтүстігі мен орталық аймақтарынан 8 театр қатысты. Театр ұжымы гастрольдік сапармен Қытай Халық Республикасында болып, Іле қазақ автономиялық облысының 4 ауданы мен Құлжа қаласында өнер көрсетті.

2011 жылы Мәскеудегі Театр Одақтарының Халықаралық Конфедерациясының (МКТС) «ТМД және Балтық елдері жас театр қайраткерлерінің байқауы» аясында Қазақстан театрлары жас  режиссерларының  жұмыстары ішінен 2 қойылым таңдап алынып, соның бірі театр репертуарындағы С.Раевтың «О, Қыздар!» драмасы (реж.Ф.Қанафин) мамыр айында Көкшетау қаласында Мәскеу қаласынан келген белді сахна мамандарынан құралған эксперттік комиссияға көрсетілді. Украина елінің Қырым автономиялық республикасында өткен Антикалық өнердің ХІІІ «Боспорские агоны» Халықаралық театр фестиваліне А.Камюдің «Калигула» тарихи трагедиясымен (реж.Қ.Қасымов) қатысып,  «Классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін» номинациясын және «Ника Боспорская» статуэткасын жеңіп алды. Мәскеулік және Украинаның беделді сахна шеберлері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры Тәуелсіздік алғалы бері қазақ елі атынан, Азия, мұсылман елдері арасынан тұңғыш қатысқан театр болды.

2012 жылы театр қазан айында Қостанай қаласында өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестиваліне А.Камюдің «Калигула» қойылымымен қатысып, Гран-При жүлдесіне ие болды. Актер Елтай Мұстанов 2012 жылдың қараша айында Қарағанды қаласында өткен Оперетта орындаушыларының І Халықаралық Досstar конкурсына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. 

2013 жылы театр ұжымы Ресейдің Татарстан елі Қазан қаласында өткен «Ремесло+» жас режиссерлардың халықаралық театр фестиваліне И.Лаузундтың «Офис» қойлымымен (режиссері Ф.Қанафин) қатысып, дипломант атағына ие болды. 

2014 жылдың  қыркүйек айының 19 жұлдызында театр ұжымы СҚО мен Ақмола облысының өңірлік өзара алмасу гастроліне сай балаларға арналған Э.Стэнтонның «Ойыншықтар оқиғасы» ертегісімен Петропавл қаласында болып қайтты.

2015 жылдың 19-24 қараша аралығында Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Беларусь елінің Минск қаласында өткен ТМД, Балтық және Грузия мемлекеттерінің Жас театр қайраткерлерінің II Халықаралық театр форумына режиссер Болат Абдрахманов сахналаған Т.Уильямстің «Құштарлық» трамвайы» қойылымымен қатысып қайтты.

2016 жылдың мамыр айында театр ұжымы Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Айтқыштар Ақтөбеде» VII Республикалық әзіл-ысқақ фестиваліне қатысып, актерлер Төлеубек Көңбай және Бағлан Иманғазинов 2 орынға ие болды. Сонымен қатар актер Төлеубек Көңбай «Үздік актер» номинациясында жеңімпаз атанды.  Бұл жылдың басты жаңалығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Үкібайұлы Оспанов театр басшысы болып қайта тағайындалды.

2017 жылдың сәуір айында театр ұжымы Ақтөбеде өткізілген «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Қазақстан драма театрларының II – Республикалық «Балауса» эскперименталды қойылымдар фестиваліне қатысып эксперименталды ізденісі үшін Дипломмен марапатталды.

2018 жылы театрымыздың жас режиссерлары жылдан жылға өз біліктіліктерін арттыру мақсатында келесі аталған халықаралық және аймақтық театрланған фестиваль және көптеген конкурстарда қатысуда. Мәселен: 28 мамыр -1 маусым күндер аралығында театр режиссері Б.Абдрахманов Татарстан Қазан қаласында өткен V Халықаралық түркі тілдес мемлекеттерінің «Науруз» театр форум-фестиваліне қатысты. 15 - 20 маусым күндер аралығында театр режиссері Ф.Қанафин Ресейдің Новосибирск қаласына С.Н. Афанасьев жетекшілігімен режиссерлік лобараторияға тәжірибе алмасуға барды. 29 қыркүйек – 1  қазан күндер аралығында театр режиссерлері Ф.Қанафин, Б.Абдрахманов ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған шетел шеберлерінің қатысуымен өтетін театр өнері қайраткерлерінің Республикалық Практикумына қатысып, сертификат иегерлері болып оралды. Сонымен қатар осы жылдың маңызды оқиғасы - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында театр өнерін дамытуға және насихаттауға қосқан зор үлесі үшін жоғары  санаттағы драма әртісі Қалқатаев Құмарбек Өкенұлының «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алуы болды. Сондай-ақ, талантты жас драматург, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Хыдырбай Манарбек IX Республикалық "Тәуелсіздік толғауы" байқауында "Тұман" пьесасының авторы ретінде Үздік пьеса номинациясы бойынша дипломға ие болды.

2019 жылы қаңтар айында Жалпы коллегия барысында театрымыздың талантты актрисасы Маржан Бөкешқызы ҚР "Мəдениет саласының үздігі" төс белгісімен және музыка бөлім меңгерушісі Медет Мұхамедин Мəдениет министрлігінің "Құрмет граматасымен" марапатталды.

2020 жылы Мамыр айында Мәдениет саласының қызметкерлері күніне орай іс – шарада театрымыздың талантты қоюшы режиссері Абдрахманов Болат Сейтмолдаұлы «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен және театр әртісі Төлеуов Еркебұлан Маралбекұлы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Театрымыздың әдебиет бөлім меңгерушісі, жас қаламгер ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Манарбек Қыдырбайұлы тұңғыш рет ұйымдастырылған классик жазушысы Сәкен Сері Жүнісов атындағы облыстық прозашылар байқауының жеңімпазы, 1 орын жүлдесінің иегері атанды. ҚР Президентінің  2020 жылғы 14 қыркүйектегі №412 Жарлығына сәйкес Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі жемісті жұмысы үшін басшының орынбасары Бекишова Гүлмира Қожабекқызы «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт жылдығына орай ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері, актер Қайрат Мырзаболатов руханиятқа қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. "Рухани қазына –2021" фестивалінің салтанатты ашылуы рәсімінде ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері, театр актрисасы Жанар Құсайынова және театр актрисасы Ғалия Қорабаева министрдің құрмет грамотасымен марапатталды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығына орай Аймақтық театрлар фестивалі өткізілді. Осымен үшінші мәрте өткізілген театр фестиваліне Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қалаларындағы қазақ театрлары қатысып өзара бақ сынасты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қазақ театр өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлға, актер, режиссер, білікті басшы, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушы Оспанов Мұратбек Үкібайұлы "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" төсбелгісімен марапатталды. Театр ұжымы ҚР президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды! Нұр - сұлтан қаласында іскерлік форум аясында "САЛА ҮЗДІГІ" номинациясы бойынша театрымыздың актері, ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері Төлеубек Көңбайұлы марапатталды. Театр администраторы Кеңшілік Жүзбаева "Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл" төсбелгісімен, басшы орынбасары Гүлмира Бекішова облыстық Мәдениет басқармасының "Алғыс хатымен", әуен бөлімінің меңгерушісі Медет Мухаммедин ҚР Мәдениет министрлігінің "Алғыс хатымен", әдебиет бөлімінің меңгерушісі Манарбек Қыдырбайұлы Мәдениет басқармасының "Алғыс хатымен" және ақшалай сертификатпен марапатталды. "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалімен театрымыздың актері, ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері Қайрат Мырзаболатов марапатталды. 2022 жылы театр басшысы болып "ҚР Мәдениет қайраткері" Жарас Қалдаров тағайындалды. 2022 жылы театр ішінен Қуыршақ труппасы ашылды. 2023 жылы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет Халықаралық "Сәлем" комедиялық қойылымдар байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 

 

Театрдың көрермендер залы